Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Конституцияның және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заңның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудионұсқалары әзірленді.
Олар ҚР Конституциялық Сотының интернет-ресурсында төмендегі сілтемелер арқылы қолжетімді:
Бұл бастама конституциялық заңнамаға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, құқықтық ақпараттың ашықтығын арттыруға және инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған.
Аталған материалдар барлық адамның Қазақстан Конституциясының негізгі ережелері және Конституциялық Сотының қызметін реттейтін заңнамамен танысуға мүмкіндік береді.
Осы аудионұсқалармен ҚР Конституциялық Сотының төмендегі ақпараттық ресурстарының сілтемелері арқылы танысуға болады:
Шетелдегі отандастар арасында «OQ Startup»
үздік жобалар шығармашылық байқауының
ЕРЕЖЕСІ
«OQ Startup» үздік жобалар байқауы ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге арналған байқау.
Негізгі мақсаты шетелдегі отандастар мен этникалық қазақтардың төл жобаларын Қазақстанда таныту, өзара байланыс орнатуына ықпал ету және шығармашылығына қолдау көрсету.
Бейнеролик немесе презентацияда жобаның негізгі мазмұны, өзектілігі, мақсаты, кімдерге бағытталғаны, іске асыру жолдары және күтілетін нәтижелері қысқаша әрі түсінікті түрде көрсетілуі тиіс.
Анықтамада міндетті түрде келесі ақпараттар қамтылуы қажет:
Егер жобаны іске асыру үшін қаржыландыру қажет болса, қатысушы PDF құжатында сұралатын қаражат көлемін және оның нақты сметасын көрсетуі тиіс. Сметада әрбір шығын бабының атауы, саны, бірлік құны және жалпы құны көрсетілуі қажет.
Ұсынылатын бейнеролик немесе презентация жобаны қысқа әрі нақты таныстыруға, ал PDF форматындағы анықтама жобаның мазмұнын толық түсіндіруге мүмкіндік беруі тиіс.
Байқауға іске асырылуы басталған, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан, сондай-ақ іске асырылуы жоспарланған жобалар қатыса алады.
Жоба бұрыннан іске асырылып жатқан жағдайда, қатысушы оның қазіргі нәтижелері, қол жеткізген көрсеткіштері және жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы ақпарат ұсынуы қажет.
Ал іске асырылуы жоспарланған жоба бойынша оның мақсаты, міндеттері, іске асыру кезеңдері, мерзімі және күтілетін нәтижелері нақты көрсетілуі тиіс.
III. Байқау мерзімі
Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 30 қыркүйектен
бастап 30 қазанға дейін қабылданады.
Қазылар алқасы байқау аяқталғаннан кейін 30 күннің ішінде жеңімпаздарды анықтайды.
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер төмендегідей марапатталады.
1 орын – Ноутбук, диплом
2 орын – Планшет, диплом
3 орын – Смарт-сағат, диплом
Ынталандыру сыйлығы: Үстел ойыны (Бестемше), марапаттау
БАСПАСӨЗ-АНОНСЫ
2026 жылғы 7 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді. Диалог алаңында әлемдік және дәстүрлі діндер – ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет қайраткерлері және әлемнің 20 елінен жетекші сарапшылар жиналады.
XXIV Хатшылық отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде бастамашылық еткен және қатысушылар қолдаған екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау. Олар: «Жасанды интеллектті діни салада пайдаланудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі».
Жеке мәселе ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғауға, оған ізгілікпен қарауға басымдық беріліп, сондай-ақ қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар, тиісті сұраныс болған жағдайда баланың діни және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескере отырып қолдау көрсету көзделген.
XXIV Съезд Хатшылығының ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз. Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуыңызды сұраймыз.
Өткізілетін күні: 2026 жылғы 7 қазан.
Өткізілетін орны: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы.
Іс-шараның басталуы: сағат 10:00.
Баспасөз-анонсы
2026 жылғы 2–3 қазанда Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы мен Орталықтың II бірлескен коллоквиумын өткізеді. Коллоквиумның басты тақырыбы осал топтарға жататын балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау.
Коллоквиум Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы 2024 жылғы сәуірде басталған диалогтың жалғасы болмақ. Аталған диалог Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Ватиканға жасаған сапары аясында өткен алғашқы бірлескен кездесуден бастау алған.
Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, дін қайраткерлері, педиатрия, биоэтика және теология саласындағы мамандар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Іс-шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тең төрағалық етеді.
Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық, науқас балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатриядағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны қолданудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.
Талқылаудың негізгі бағдарларының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және отбасын қолдау қағидаттарына негізделген Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы болады. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің практикалық үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.
Коллоквиумды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерін 2026 жылғы 20 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз.
Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуды сұраймыз.
Өткізілетін күні: 2026 жылғы 2–3 қазан
Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, 1 қабат
Іс-шараның басталуы: сағат 10:30.
2026 жылғы 29-30 қазанда Атырау қаласында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы VII «Алтын домбыра» халықаралық жеке домбырашылар және үш ішекті халық аспаптарында орындаушылар арасында күй байқауы өтеді.
Байқау қазақтың ұлттық домбыра өнері мен күй мәдениетін насихаттау, сондай-ақ әлем халықтары арасындағы достықты нығайту мақсатында ұйымдастырылуда.
Осы байқаудың ережесінде қамтылған талаптарға сәйкес барлық үміткерлер, оның ішінде шет мемлекеттің азаматтары оған қатыса алады.
Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашық деп жариялап, депутаттарға табыс тіледі.
Президент еліміз даму жолында аса маңызды кезеңге қадам басқанын атап өтіп, бір палаталы заң шығарушы органның қызметіне кірісуі, шын мәнінде, мән-мағынасы айрықша тарихи оқиға екенін жеткізді.
– Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз. Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ қате болмас, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасында іргелі реформалар қолға алынып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленгеніне назар аударды.
– Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді. Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр. Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды, – деді ол.
Президент Әділетті, Күшті Қазақстанды құру баршаға ортақ міндет екеніне тоқталып, депутаттардың осы жолда табанды еңбек ететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарға сай, еліміздің заңнамасын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы сөз соңында Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыру, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешу жөнінде аса ауқымды құзырет берілгенін айтты.
Президент сөзінің толық нұсқасын осы сілтеме бойынша оқи аласыздар.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайына депутаттарды сайлау бойынша дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым.
Биыл Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Бұл – шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең. Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз.
Бұл өзгерістердің түпкі мәні – жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу. Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды. Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз.
Ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болады деп сенемін.
Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!
Абай күні құтты болсын!
«Отандастар қоры» шетелде тұратын этникалық қазақ балалары арасында «Қазақстан – менің көзіммен» онлайн сурет салу шығармашылық байқауын өткізеді.
Байқауға 12–17 жас аралығындағы ұлты қазақ шетел азаматы болып табылатын этникалық қазақ балалары қатыса алады.
Байқаудың мақсаты – шетелдегі қазақ балаларының Қазақстан туралы көзқарасын, тарихи-мәдени мұрасын, табиғатын, ұлттық құндылықтарын және болашаққа деген арман-тілектерін шығармашылық тұрғыдан бейнелеу арқылы олардың тарихи Отанымен рухани байланысын нығайту.
Байқау жұмыстары 2026 жылғы 28 тамызға дейін oqbaiqau@gmail.com электрондық поштасы арқылы қабылданады.
Сонымен қатар, байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Байқау туралы толық ақпаратты «Отандастар қорының» ресми сайтынан (oq.gov.kz) алуға болады.
Құрметті отандастар!
Астана күні құтты болсын!
Астана – егемен еліміздің жүрегі. Елордамыз – Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары. Халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер осы қалада қабылданады.
Бас қаламыз ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Астана сапалық тұрғыдан мүлде жаңа басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болды.
Сонымен бірге елордамызда саябақтар, гүлзарлар, балаларға арналған алаңдар салынды. Осының бәрі Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жасалып жатыр.
Елорда күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, осы тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту ісінің бастауы саналады.
Елордамыздың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, оның мемлекет дамуындағы айрықша мән-маңызын айқындай түсті.
Бас шаһардың халықаралық абырой-беделі де нығайып келеді. Аймақтық және жаһандық саясаттың аса өзекті мәселелеріне қатысты шешімдердің Астанада қабылдануы – соның айқын дәлелі.
Бас қаламыз жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіпке», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың жарқын көрінісі болуға тиіс.
Елордамыз Әділетті Қазақстанды құру жолында үлгі-өнеге көрсетіп, өсіп-өркендей береді деп сенемін.
Құрметті Астана тұрғындары, баршаңызға амандық және табыс тілеймін!