Гүлстан провинциясы Қазақстанмен байланысты дамытуға мүдделі

Гүлстан провинциясы Қазақстанмен байланысты дамытуға мүдделі

Қазақстанның Горгандағы Бас консулы Ербол Ахметов 12 қаңтарда Гүлстан провинциясының губернаторы Әлиасқар Тахмасбимен кездесті. Басқосу барысында Қазақстан мен Иран қарым-қатынасының қазіргі ахуалы, оның ішінде өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Е.Ахметов  екіжақты ынтымақтастықтың дамытуға септігін тигізетін жағдай жасалғанына және оның әлеуеті толық пайдаланылу қажеттігіне назар аударды. Осы орайда, мемлекет басшылары тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына жеткізуге тапсырма бергенін және Гүлстан провинциясы оған үлес қоса алатынын айтты. Қазақстанда экономикалық жобаларды жүзеге асыруға және оның аясында озық технологиялар енгізуге ниетті инвесторларға қолдау жасалатынын хабарлап, Гүлстанның бизнесмендерін осы мүмкіндікті пайдалануға шақырды.

Ә.Тахмасби екіжақты ынтымақтастықты нығайту әрекеттерін қолдайтынын мәлімдеді. Гүлстан провинциясы азық-түліктің 72 түрін өндіретінін және олармен Иранды 38 күн бойы қамтамасыз ете алатынын хабарлады. Қазақстанның дәнді дақылдар мен мал өнімдерін экспорттау әлеуеті жоғары екенін және оларды Гүлстаннан өтетін темір және автожолдар арқылы Иранға және басқа елдерге тасымалдауға болатынын айтты.

Басқосуда екіжақты ынтымақтастықты нығайту аясында өңір басшылары сапарларын ұйымдастыру және іскер топтар байланысын нығайту мәселелері де талқыланды.