Қазақстан мен Иран өзара сауданы нығайту жолдарын талқылады

Қазақстан мен Иран өзара сауданы нығайту жолдарын талқылады

Тегеран, 2024 жылғы 19 қараша – Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары, Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Мохаммад Әли Дехкан Дехнавимен кездесті.

Тараптар сауда, өнеркәсіп, көлік және логистикадағы ынтымақтастықты нығайтуды, сондай-ақ тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін арттыру жөніндегі Жол картасын іске асыруды және 2025 жылдың басында Астанада өтуі жоспарланған үкіметаралық комиссияның 20-шы бірлескен отырысының күн тәртібінің мәселелерін талқылады.

Қазақ дипломаты Астананың Тегеранмен екіжақты қарым-қатынасының маңыздылығын және Сауданы дамыту ұйымы арқылы ынтымақтастықты жандандыруды атап өтті.

Д. Дехнави Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде белгілеп, екі елдің, соның ішінде Солтүстік-Оңтүстік халықаралық дәлізі мен Иранның теңіз порттарының әлеуетін пайдалануға шақырды. Ол сондай-ақ 2025 жылғы ақпанда Иранның астанасында өтетін «Eurasia Expo 2025» атты көрмесі туралы баяндап, оған Қазақстанның қатысушыларын шақырды.

Сұхбаттастар өзара инвестициялық ынтымақтастықты дамытуды және банкаралық есеп айырысуды жетілдірудің маңыздылығын қолдады. Сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісім бойынша тетіктердің тиімділігі расталды.