Иран Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға қызығушылық білдіруде

Иран Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға қызығушылық білдіруде

Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жиһады министрі – ҚР мен ИИР арасындағы Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның (ҮАК) тең төрағасы Ғоламреза Нури Ғезелжемен кездесті.

Кездесуде тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайту, ҮАК кезекті отырысын Астанада өткізу, екіжақты сауда айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту бойынша Жол картасын іске асыру және т.б. мәселелерді талқылады.

ҚР Елшісі Қазақстан тарапының Иранның астық өнімдеріне, соның ішінде бидай, арпа мен майлы дақылдарға сұранысын қамтамасыз етуге әзірлігі жеткізді. Ол сондай-ақ екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына, өнеркәсіп, тау-кен, сүт өнімдері саласында бірқатар жобалардың іске асырылуда екеніне назар аударды. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан Иранға экспорттық әлеуетінің тізімін өзектендіргені және бүгінгі таңда жалпы құны 250 млн долларды құрайтын 75 тауарды Иранға жеткізуге дайын екені аталып өтті.

Өз кезегінде, Ғ.Ғезелже Иран ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екенін атап өтіп, қазақстандық астық өнімдерін сатып алуға қызығушылық танытты. Ол Қазақстанда шетелдік инвесторлар, оның ішінде ирандық инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалғанын және иран тарапының еліміздегі басым жобаларға белсене қатысуға әзірлігін атап өтті. Министр қазақ тарапын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі мен Иранның транзиттік мүмкіндіктері мен порттарының әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.

Сонымен қатар тараптар кездесу барысында екі елдің халықаралық құрылымдар, атап айтқанда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы аясындағы ынтымақтастығын талқылады және осы Ұйымның жобалары мен бағдарламаларын ілгерілету бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі жандандыруды қуаттады.