Қажымұқан Мұңайтпасұлы

Қажымұқан Мұңайтпасұлы

Биыл әйгілі қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл ьолып отыр.
   Қажымұқан Мұңайтпасұлы - қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген.
    1901 ж. Омбыда балуандардың жарысы өтіп, Қажымұқан белгілі атлет И.Злобинмен кездеседі. Ол мұның балуандық күшін байқап, белгілі балуан И.В.Лебедевке жолығуын ұсынады. Осылайша Қажымұқан 1904-1907 жж. И.И. Лебедев мектебінде классикалық күрес пен цирк өнерін үйренеді.
      Қ.Мұңайтпасұлы – орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрін меңгерген әлем чемпионы. 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Деректерде Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағаны айтылады. Дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу  нағыз ерлік болатын.
    1895 ж. Киевте өткен балуандар күресінде Қ. Мұңайтпасұлы дүниежүзінің чемпионы атағын бірінші рет жеңіп алды. 1905 ж. Қытайдың Харбин  қаласында жапон чемпионы Саракикиді, 1906 ж. Германияның Берлин қаласында неміс балуаны Фон Кенигті, 1910 ж. дүниежүзінің чемпионы Ганс-Каванды, 1913-1916 жж. Парижде дүниежүзі чемпионы Стурментті жықты. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған балуан онша ұнай қоймады. Сол үшін де Қ. Мұңайтпасұлы орыс балуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Осылайша балуанға неше түрлі лақап аттар берілді. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестірді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері де болған. 1909 ж. халықаралық балуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүниежүзіне Қажымұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды. 1910 ж. Еуропа және Ресей балуандардың үлкен тобы Америкаға аттанды. Олардың ішінде Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы. Сол жерде ол алтын медальмен марапатталды.
    1911 ж. Қ.Мұңайтпасұлы Стамбулға барды. Сол кезеңде әлемде түрік балуандарынан мықты балуан жоқ сияқты көрінетіндігі соншалық, ол жаққа орыс балуандары аяқ баспайтын-ды. Осы ретте намысқой Қ. Мұңайтпасұлы өзі түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буды.
       1913 ж. Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты, кейбіреулерінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді.
    1914 ж. Қажымұқан Нижний Новгород қаласындағы жарыста негізгі қарсыласы Вестергард Шмидтті жеңді.
     Қ. Мұңайтпасұлы азамат соғысынан кейін күресті дамытуды қолға алды, Қазақстан аумағында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды.
    1937 ж. Қ.Мұңайтпасұлытың ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп қудалауға ұшыратты. Сол себепті отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалады.
     Қажымұқан Мұңайтпасұлы ІІ Дүниежүзілік соғысы басталған тұста екі жылға жуық цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тауып, майданға жіберді.
    Қ.Мұңайтпасұлы 1948 ж. Түркістан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан ауылында ескерткіш орнатылып,  1980 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Темірлан ауылында мемориалдық музейі ашылған. 1986 ж. бастап Қ.Мұңайтпасұлы атында классикалық күрестен халықаралық турнирлер өтіп келеді.