Алтын Орда өркениеті Горганда талқыланды

Алтын Орда өркениеті Горганда талқыланды

Қазақстан Республикасының Горган қаласындағы Бас консулдығында «Алтын Орда өркениеті мен тарихына» арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Иран Сыртқы істер министрлігінің Гүлстан облысындағы өкілдігінің дипломаттары, «Мирдамад» мәдени орталығы, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Аталған іс-шараға келгендер ү.ж. 19-20 мамырда Астана қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум және оның барысында талқыланған тақырыптар мен қабылданған резолюцияның басты мақсатымен таныстырылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Еуразия тарихында Алтын Орда ерекше орын алғанын қуаттай отырып, оның Иран аумағында сол кезде билік жүргізген Құлағу мемлекетімен тығыз қарым-қатынасы болғанын мәлімдеді.

Отырыс барысында диаспора өкілдері Иранда туған қазақ қаламгері М.Шадкам дайындаған «Қазақша-парсыша сөздіктің» бір данасын Бас консулдықтағы Абай үйінің кітапханасына тарту етті.

Басқосу аясында Қазақстан мен Иранның мәдени ынтымақтастығын нығайтуға септігін тигізетін бағыттарға, оның ішінде Алтын Орда және басқа кезеңдерге қатысты оқиғалар мен тарихи жәдігерлер туралы материалдарды бірлесіп зерттеуге үлес қосу туралы уағдаластық жасалды.