Иранда қазақтың ұлттық бұйымдары мен ән-күйі тамашаланды

Иранда қазақтың ұлттық бұйымдары мен ән-күйі тамашаланды

Иран Ислам Республикасының Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрлігі мен ИИР Гүлстан провинциясы әкімдігінің ұйымдастыруымен 2025 жылғы 16-19 желтоқсан аралығында Горган қаласында «Этностар мәдениетінің 18-ші халықаралық фестивалі» өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанның өнерпаздары және Ирандағы этностардың шығармашылық топтары мен қолөнершілері қатысып, өздерінің мәдениеті мен шеберліктерін көрсетті.

Іс-шара аясында 18 желтоқсан - Қазақ халқының мәдени кеші ретінде белгіленді және оның барысында көрермендер Қазақстанның Маңғыстау өңірінен келген «Серпер» фольклорлық музыкалық ұжымының өнерін тамашалады. Бұл кеште ИИР Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрінің бірінше орынбасары Әли Дараби, Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев және Гүлстан провинциясы әкімінің орынбасары Мохаммад Хамиди сөз сөйлеп, екі мемлекет пен халық арасындағы тарихи достық қатынастар және оны нығайта түсу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы хабарлады.

Сондай-ақ, фестивальге қатысушылар Иранда өмір сүретін қазақтар және Қазақстанның Горган қаласындағы Бас консулдығының күшімен ұйымдастырылған көрме бөлімінде қазақтың қолөнер бұйымдарын, ұлттық киімдері мен әшекейлерін тамашалады және тағамдарының дәмін татты.