2026 жылғы 19 қазан, Женева – Қазақстан Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) ынтымақтастық аясында халықаралық ғылыми зерттеулерге қатысуын кеңейтуде. Қазақстан делегациясының CERN-ге сапары барысында детекторлардың озық технологияларын дамыту саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Женева қ. БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары А.Махамбетов бастаған делегация CERN-нің Бас директоры М.Томсонмен келіссөздер жүргізді. Тараптар ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы және іргелі зерттеулер салаларындағы әріптестікті одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады.
Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі Қазақстанның Ядролық физика институты мен CERN арасында газ детекторларын әзірлеуге маманданған DRD1 (Detector Research and Development 1) халықаралық ғылыми ынтымақтастық бағдарламасына қатысу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.
Аталған құжат қазақстандық ғалымдардың бірлескен зерттеулерге, заманауи технологияларды игеруге және халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында Қазақстан тарапы Ядролық физика институтының базасында ғылыми деректерді өңдеу орталығын құру бастамасын таныстырды. Болашақта бұл орталықты CERN-нің есептеу инфрақұрылымына интеграциялау көзделіп отыр. Ұсыныс ұйым басшылығы тарапынан оң бағаланып, алдағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылуда.
Сапар мен меморандумға қол қою Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық зерттеу байланыстарын кеңейтуге және отандық мамандардың озық технологиялар саласындағы кәсіби құзыреттерін нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Женева, 2026 жылғы 12 қазан – Шымкент қаласы әкімдігі делегациясының Женеваға сапары аясында Ұлттар сарайының «Қазақстан» залында қала атынан БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесіне 5 мың қызғалдақ пиязшығын сыйға тарту рәсімі мен ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы бюстінің таныстырылымы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Е.Қазыхан, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Т.Валовая, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А.Сәбитов, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Кітапханасы мен архивтерінің директоры Ш.Варакаулле, «QazElles» қауымдастығының құрметті президенті Л.Инджуджян, БҰҰ қызметкерлері және Швейцариядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Қазақстан жабайы қызғалдақтардың көптеген түрінің отаны. Бұл гүлдер еліміздің табиғи мұрасының маңызды бөлігі болып саналады. Олардың Ұлттар сарайының аумағында гүлдеуі Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы достық пен көпжылдық ынтымақтастықтың, сондай-ақ жаңарудың нышанына айналмақ.
Іс-шара аясында «Қазақстан» залының жанындағы жаңа орынға қойылған Абай Құнанбайұлының бюсті таныстырылды. Ұлы ақын әрі ойшылдың туғанына 181 жыл толған биылғы жылы қатысушылар оның Қазақстан тарихы мен рухани мұрасындағы айрықша орнын атап өтті. Ақын, ағартушы әрі гуманист ретінде Абай білім, әділеттілік, жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеп, қазақ қоғамының рухани және зияткерлік негіздерінің қалыптасуына зор үлес қосты.
Рәсімде сөз сөйлеген Е.Қазыхан Абай бюсті мен қазақстандық қызғалдақтар еліміздің бай мәдени және табиғи мұрасын, сондай-ақ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен берік әрі көпжылдық байланыстарын бейнелейтінін атап өтті.
Рәсімнің 24 қазанда аталып өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы күні қарсаңында ұйымдастырылуы оған ерекше символдық мән беріп, Қазақстанның бейбітшілік, диалог және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына берік ұстанымын айқындады.
Іс-шара Қазақстан мен БҰҰ арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қазақ халқының мәдени мұрасы мен Қазақстанның табиғи мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға қосылған үлес болды.
Женева, 2026 жылғы 12 қазан– Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Е. Қазыхан мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Сабитов 12–13 қазанда Женевада «Орнықты болашақ жолындағы қалалар» (Cities Delivering for a Sustainable Future) тақырыбымен өтіп жатқан БҰҰ-ның алтыншы Қала әкімдерінің форумына қатысты.
Форум БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) бастамасымен, БҰҰ-ның өзге өңірлік комиссияларымен бірлесіп, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ), Global Cities Hub және басқа да әріптестердің қолдауымен ұйымдастырылды. ДЗМҰ-ның штаб-пәтерінде өтіп жатқан іс-шара әлемнің түрлі елдерінен 80-ге жуық қала басшысын біріктірді.
Форум Тұрақты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде іске асырудың практикалық тетіктеріне, әсіресе орнықты қалалар мен мен елді мекендерді дамытуға бағытталған 11-мақсатқа баса назар аударылуда. Күн тәртібі 2026 жылғы шілдеде Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумының қорытындыларымен сабақтастырылған.
Қатысушылар қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй секторының орнықтылығын арттыру, экологиялық таза көлікті дамыту, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және қалалардың қоршаған ортаға кері әсерін азайту мәселелерін талқылауда. Сондай-ақ жасыл инфрақұрылымды дамыту, табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану, қалаларды орнықты дамытуға бағытталған жоспарлау, табиғи апаттар тәуекелдерін басқару, мәдени және табиғи мұраны сақтау мәселелері қарастырылуда.
Қалаларды дамытуда инновациялар мен шығармашылық тәсілдерді қолдануға ерекше мән берілуде. Бұл тұрғыда қалалық ортаның сапасын жақсартуға, барлық тұрғындар үшін тен мүмкіндіктер жасауға және қалалардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи шешімдер талқылануда.
Жыл сайын өткізілетін БҰҰ-ның Қала әкімдерінің форумы қала басшыларына Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесімен тікелей өзара іс-қимыл жасауға, тәжірибе алмасуға және орнықты дамуына бағытталған тиімді шешімдерді ілгерілетуге мүмкіндік беретін алаң болып табылады.
Қазақстан делегациясының форумға қатысуы орнықты даму саласындағы ұлттық және қалалық тәжірибені таныстыруға, озық халықаралық практикаларды зерделеуге, сондай-ақ заманауи қалалық саясат мәселелері бойынша шетелдік қалалармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хусит жасақтарының Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған әрі адам шығынына әкеп соққан шабуылдарын қатаң айыптайды.
Мұндай шабуылдар халықаралық құқық нормаларын бұзады. Оларға гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайды.
Бұл әрекеттер Йемендегі ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіріп, қақтығысты саяси жолмен реттеуге кедергі келтіреді.
Шабуылдарды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырамыз.
Қазақстан Сауд Арабиясы Корольдігімен ынтымақтастық танытып, оның БҰҰ Жарғысына сәйкес өз егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға құқылы екенін растайды.
Женева, 2026 жылғы 6 қазан – Қазақстан БҰҰ-да әйелдердің құқықтарын қорғауға, олардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге, экономикалық мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге және зорлық-зомбылықтан қорғалуын күшейтуге бағытталған жүйелі реформалардың нақты нәтижелерін таныстырды.
Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындауы жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасын қарау шеңберінде қазақстандық делегация Комитетке соңғы жылдары әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында жүзеге асырылған заңнамалық және институционалдық өзгерістердің нәтижелерін ұсынды.
Делегация құрамына Мәдениет және ақпарат, Әділет, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің, Сот әкімшілігінің, Бас прокуратураның, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жоғары лауазымды өкілдері кірді.
Әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейтуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілді. 2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша әйелдер Құрылтайдағы 145 депутаттық мандаттың 49-ын, яғни 33,8%-ын иеленді. Екі әйел Құрылтай Төрағасының орынбасарлары болып сайланды, тағы үшеуі тұрақты комитеттерді басқарды. Мемлекеттік қызметте де әйелдердің өкілдігі жоғары деңгейде сақталып отыр: олар барлық мемлекеттік қызметшілердің 55%-ын құрайды және басшылық лауазымдардың 39%-ын атқарады.
Әйелдердің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2%-ын, яғни шамамен 1,1 млн кәсіпорынды әйелдер басқарады. Бұл кәсіпорындарда 1,5 млн-нан астам жұмыс орны құрылған. Қазақстан экономикасында шамамен 4,5 млн әйел еңбек етеді. Сонымен қатар әйелдердің ғылымға, цифрлық экономикаға және жоғары технологиялық салаларға қатысуы кеңейіп келеді. Арнайы бағдарламалар аясында 10 мыңнан астам әйел цифрлық дағдылар бойынша оқудан өтті.
Диалог барысында заңнамалық кепілдіктерден әйелдерді зорлық-зомбылықтан іс жүзінде қорғауға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. 2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтті.
Әйелдердің денсаулығын сақтау және оларды әлеуметтік қолдау саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы бес жылда ана өлім-жітімі 75%-ға азайды, ал ауылдық жерлердегі әйелдерді профилактикалық тексерулермен қамту деңгейі 62%-дан 81%-ға өсті. Сонымен қатар мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың мамандандырылған медициналық көмекке, жұмыспен қамтылуға және кедергісіз инфрақұрылымға қолжетімділігі кеңейіп келеді.
2024 жылы Қазақстан Республикасының «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданып, қылмыстық жауаптылық күшейтілді және Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп құрбандарды анықтау стандарты енгізілді. Қазақстан сондай-ақ гендерлік бюджеттеу, отбасын қолдау, кемсітушіліктің алдын алу және «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру мәселелері бойынша БҰҰ құрылымдарымен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты жалғастыруда.
Халықаралық деңгейде Қазақстан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Елдің бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін халықаралық адам құқықтары күн тәртібінде бекіткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою» атты 57/18 қарарын қабылдады.
Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ-ның шарттық органдарымен мазмұнды өзара іс-қимыл Қазақстанның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі дәйекті жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Қазақстан әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, экономикалық теңсіздікті азайту, зорлық-зомбылықтың барлық нысандарының алдын алу және заңмен бекітілген құқықтардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз ететін жағдайлар жасау бағытын жалғастырады.
Талқылау барысында Қазақстанның «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында жинақтаған практикалық тәжірибесіне баса назар аударылды. Осы күш-жігердің нәтижесінде қарулы қақтығыс аймақтарынан 572 бала елге қайтарылып, оларды оңалту мен одан әрі сүйемелдеудің кешенді жүйесі ұйымдастырылды.
Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова репатриацияның өзі баланың бейбіт өмірге оралу үдерісін аяқтамайтынын атап өтті. Балаларды қоғамға табысты қайта кіріктіру мемлекеттік органдардың, педагогтердің, психологтердің, әлеуметтік қызметтердің, азаматтық қоғам мен халықаралық әріптестердің үйлесімді жұмысын талап етеді. Бұл ретте қабылданатын шешімдердің өзегінде әр баланың жеке қажеттіліктері мен ең үздік мүдделері тұруы тиіс.
«AQNIET» орталығының директоры Сәкен-Тай Мұхамеджанов елге оралған балалармен және олардың отбасыларымен жұмыс істеудің практикалық тәжірибесін таныстырды. Қазақстандық тәжірибе мектептің тек білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар баланың әлеуметтенуіне, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруіне және өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуіне ықпал ететін маңызды орта екенін көрсетеді.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Бас хатшының Балалар және қарулы қақтығыстар мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Ванесса Фрейзер бейнеүндеуінде қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды қорғау, қалпына келтіру және қоғамға реинтеграциялаудың негізгі құралдарының бірі ретінде білім берудің маңызын атап өтті.
ЮНИСЕФ өкілі Таша Джилл елге оралып жатқан балаларды, ең алдымен, қарулы қақтығыстан зардап шеккен, отбасының қолдауына, білім алуға, психоәлеуметтік көмекке және ұзақ мерзімді сүйемелдеуге мұқтаж балалар ретінде қарастыру қажеттігіне назар аударды.
Пікірталасқа қатысушылар табысты реинтеграцияның негізгі шарттарын атап көрсетті. Олардың қатарында баланы елге оралғаннан кейін ұзақ мерзімді сүйемелдеу, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, отбасымен және жергілікті қоғамдастықпен жұмыс жүргізу, сондай-ақ стигматизация мен әлеуметтік оқшауланудың алдын алу бар.
Іс-шара Қазақстанның білім беруді бейбітшілікті, толеранттылықты және әлеуметтік кірігуді нығайту құралы ретінде ілгерілету жөніндегі дәйекті жұмысының жалғасы болды. 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстанның Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен бірлескен бастамасы бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі «Әрбір балаға бейбітшілік пен толеранттылық мүддесінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету» атты 54/5 қарарды дауыс берусіз қабылдады.
Қазақстан бұл күн тәртібін БҰҰ алаңдарында, соның ішінде Бас Ассамблеяның 81-сессиясы аясында одан әрі ілгерілетуге ниетті. Бұл ретте қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды қоғамға реинтеграциялаудағы және олардың орнықты болашағын қамтамасыз етудегі білім берудің рөліне ерекше назар аударылатын болады.
Женева, 2026 жылғы 16 қыркүйек - 2026 жылғы 15–16 қыркүйекте БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенция ережелерінің орындалуы жөніндегі бесінші және алтыншы біріктірілген мерзімді баяндамасы қаралды.
Қазақстанның ведомствоаралық делегациясын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарды. Баяндаманы қарау барысында балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған негізгі заңнамалық және институционалдық өзгерістер таныстырылды.
Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұратыны, бұл ел халқының 34%-ға жуығын құрайтыны атап өтілді. Олардың құқықтарын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
2026 жылғы наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына ерекше назар аударылды. Негізгі заң отбасылық саясат және кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау саласындағы кепілдіктерді күшейтіп, мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім алу құқығын бекітті.
Осы саладағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамытудың негізгі тетіктерінің бірі қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау шараларын біріктірген 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы болды. Өңірлерде бала құқықтары жөніндегі басқармалар құрылып, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жүйесі кеңейтілуде, сондай-ақ бала мен отбасын атаулы сүйемелдеу тетігі енгізілуде.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл жасау, психологиялық қызметтерді нығайту және тәулік бойы жұмыс істейтін «111» мемлекеттік байланыс орталығын дамыту жөніндегі шаралар таныстырылды.
Балаларды мекемелерде тәрбиелеуден отбасылық тәрбие нысандарына көшуге ерекше мән берілді. Бүгінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде.
«Біз үшін тиімділіктің басты өлшемі – әрбір баланың жағдайының нақты жақсаруы. Қазақстан мазмұнды сұхбатқа және балалардың құқықтарын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге ашық», – деп атап өтті Ж.Сүлейменова.
Талқылау барысында балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамыту, сапалы әрі инклюзивті білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, балалардың өздеріне қатысты шешімдерді қабылдауға қатысуы, сондай-ақ цифрлық ортада олардың құқықтарын сақтау мәселелері қаралды.
Халықаралық міндеттемелерді орындаудың жеке мысалы ретінде «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан қайтарылған 572 баланы репатриациялау, оңалту және реинтеграциялау жөніндегі Қазақстанның тәжірибесі таныстырылды.
Қазақстандық делегация Бала құқықтары туралы конвенция және оған факультативтік хаттамалар бойынша міндеттемелерге сәйкес ұлттық жүйені дәйекті түрде жетілдіруді жалғастыруға, сондай-ақ БҰҰ-ның шарттық органдарымен және азаматтық қоғаммен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға дайын екенін растады.
БРИКС саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті.
Серджио Гор ең әуелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Президент Дональд Трамп жолдаған құттықтау хатты табыстады.
Мемлекет басшысы жылы лебізі үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, Америка көшбасшысын Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-америка стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, ықпалдастық аясын одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.
– Қазіргі уақытта Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жүрмін. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзара тиімді ықпалдастықты ілгерілету жолында сөзден гөрі нақты іске көшкенді жөн көреміз, – деді Қазақстан Президенті.
Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының тығыз әрі өзара сенімге құрылған қарым-қатынасының арқасында екі ел ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.
– Бүгінде мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық байланыстары мен ықпалдастығы белсенді өрбіп келеді. Президентіміз Қазақстанмен және Орталық Азиямен серіктестікті күшейтуге айрықша мән береді, – деді Арнайы өкіл.
Кездесу барысында бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары, әсіресе, жасанды интеллект және цифрлық технология секілді басым салалар қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретін сан қырлы серіктестікті одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін растады.
https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-aksh-prezidentinin-ontustik-zhane-ortalyk-aziya-boyynsha-arnayy-okili-serdzhio-gordy-kabyldady-1282252
2026 жылғы 10 қыркүйек, Женева – Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ құрылымдарында және халықаралық ұйымдарда кәсіби қызмет атқарып жүрген, сондай-ақ Женевада білім алып жатқан қазақстандық отандастармен кездесу өткізді.
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси дамуының өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық өзгерістер, сыртқы саясаттың басымдықтары, сондай-ақ еліміздің көпжақты үдерістерге қатысуы жөнінде пікір алмасты.
Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру мен конституциялық реформаларға ерекше назар аударылды. Аталған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық диалогты дамытуға бағытталғаны атап өтілді.
Сыртқы саясат мәселелерін талқылау барысында Қазақстанның көпвекторлы саясат қағидаттарына, сындарлы диалогқа, дауларды бейбіт жолмен шешуге, халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтауға бейілділігі атап өтілді.
Женева қаласының көпжақты дипломатияның маңызды орталықтарының бірі ретіндегі рөліне де ерекше назар аударылды. Швейцарияда қызмет атқарып, білім алып жүрген қазақстандықтардың кәсіби тәжірибесі мен білімі халықаралық байланыстарды нығайту және Қазақстанның бастамаларын ілгерілету үшін маңызды әлеует ретінде бағаланды.
Жас мамандар мен студенттермен халықаралық қатынастар, дипломатия және халықаралық ұйымдар қызметі салаларындағы кәсіби даму мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі мен қазақстандық кәсіби және студенттік қоғамдастық арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді. Атап айтқанда, тәжірибе алмасу, сарапшылық байланыстарды жолға қою және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,
адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,
ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,
төмендегіні мәлімдейміз:
1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.
2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.
Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.