Женевада Қазақстанның гуманитарлық күш-жігері туралы ақпарат ұсынылды

Женевада Қазақстанның гуманитарлық күш-жігері туралы ақпарат ұсынылды

Женева, 2024 жылғы 1 қараша – Қазақстан делегациясы 2024 жылғы 28-31 қазан аралығында «Белгісіздікті еңсеру - адамзатты нығайту» тақырыбында өткен Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Айдың 34-ші халықаралық конференциясының жұмысына қатысты.

Қазіргі жаһандық сын-тегеуріндерді, әлемдік оқиғалардың болжамсыздығын және үнемі өсіп келе жатқан гуманитарлық қажеттіліктерді ескере отырып, Конференция жаңа, ағымдағы және болашақ дағдарыстарға гуманитарлық жауаптардың әсерін күшейтуге қажетті шараларды анықтау мақсатында әлемдегі ең ірі гуманитарлық желінің (оның ішінде 191 ұлттық қоғамның), сондай – ақ Женева конвенцияларына қатысушы 196 мемлекетке диалог алаңын ұсынды.

Швейцария Конфедерациясының Федералды сыртқы істер департаментінің басшысы (Министр) Иньяцио Кассис, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Марьяна Сполярич және Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай федерациясының президенті Кейт Форбс өз сөздерінде 34-ші халықаралық конференция қарулы қақтығыстардың өрескел шығындары жалпы адамзаттың жаңаруын талап ететін маңызды сәтте өтіп жатқанын атап өтті. Конференцияны ұйымдастырушылар мемлекеттерді халықаралық гуманитарлық құқыққа (ХГҚ) адалдықтарын растауға және бейбіт тұрғындарды қорғауды бірінші орынға қоюға шақырды.

Гуманитарлық құқық саласындағы жаһандық проблемаларды талқылау барысында Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев гуманитарлық көмек көрсету, Сирия қақтығысын реттеу мақсатында Астана процесін жүргізу, Сирия мен Ирактың қақтығыс аймақтарынан ҚР азаматтарын репатриациялау, БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі миссиясына бітімгершілік контингент жіберу және т.б. бойынша қазақстандық тәжірибемен бөлісті.

Еліміздің халықаралық гуманитарлық құқық қағидаттарына бейілділігін растап, қазақстандық дипломат 2024 жылғы қыркүйекте Қазақстан Бразилиямен, Қытаймен, Иорданиямен, Франциямен және Оңтүстік Африкамен бірлесіп мемлекеттердің ХГҚ-ны сақтау және іске асыру жөніндегі саяси ерік-жігерін нығайту үшін жаһандық бастаманың іске қосылғаны туралы хабарлады.

Конференция барысында халықаралық қозғалыстың Тұрақты комиссиясының бес мүшесі сайланды. Оның қорытындысы бойынша халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауға, бейбіт тұрғындар мен гуманитарлық қызметкерлерді қорғауға, ИКТ соғыс жүргізуге ықпалына және жергілікті деңгейде қызметті қамтамасыз етуге қатысты бес резолюция қабылданды.

Анықтама: Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай конференциясы - Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысы ұйымдастыратын гуманитарлық мәселелерді талқылауға арналған ең үлкен форум. Оған барлық 191 Ұлттық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің, Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының, сондай-ақ Женева конвенцияларына қатысушы мемлекеттердің өкілдері қатысады.

Конференция келесі өзекті гуманитарлық мәселелерді талқылауға арналған алаң ретінде қызмет етеді:

* қарулы қақтығыстардың құрбандарын қорғау;

* төтенше жағдайларға дайындық пен әрекет етуді жақсарту;

* адам құқықтарын қорғау;

* тұрақты даму және климаттық өзгерістер.

Конференция әдетте төрт жылда бір рет өткізіледі және халықаралық гуманитарлық қоғамдастықтың қызметін үйлестіру үшін маңызды оқиға болып табылады. Соңғысы 2019 жылы болды.