Қазақстанның гендерлік саясаты халықаралық қауымдастық назарында

Қазақстанның гендерлік саясаты халықаралық қауымдастық назарында

Женева, 2024 жылғы 22 қазан – Қазақстан мен Испанияның тең төрағалығымен Женевада Бейжің+30 өңірлік шолуының кездесуі өтті. Бұл іс-шараның әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференция және Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасы (1995 ж.) қабылдануының 30-жылдығын мерекелеуге дайындықта маңызы зор. Бұған қоса, Женевадағы кездесу гендерлік теңдік, әйелдер мен қыздардың құқықтары және мүмкіндіктерін кеңейтудегі прогресті бағалай отырып, 2030 жылға дейінгі орнықты даму күн тәртібіне өз үлесін қосты.

БҰҰ Еуропа үшін экономикалық комиссияға мүше 56 мемлекеттің министрлері, министрлердің орынбасарлары және басқа да жоғары лауазымды делегаттары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, соның ішінде БҰҰ-Әйелдер атқарушы директорының орынбасары Нярядзай Гумбонзванда, БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан және Парламентаралық одақтың Бас хатшысы және гендерлік мәселелер жөніндегі халықаралық чемпиондар жаһандық кеңесінің төрағасы Мартин Чунгонг сессияға қатысты.

Жалпы сегмент барысында мәлімдеме жасай отырып, Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев қатысушыларды Қазақстанның өзінің жан-жақты саяси және демократиялық реформалары шеңберінде гендерлік теңдікті ілгерілету мақсатында қабылдаған елеулі қадамдары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, гендерлік теңсіздік индексінің 60%-ға төмендеуі; Парламентте әйелдер мен жастарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі әйелдерге арналған 30% квотаны енгізу; және мемлекеттік басқарудағы әйелдер көшбасшылығының артуы сияқты қадамдар атап өтілді. Қазақстандық дипломат әйелдер кәсіпкерлігі мен инновация, сондай-ақ технологиядағы гендерлік алшақтықты жою салаларындағы прогресс туралы айтты.

Сонымен қатар, Елші еліміздің гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресі жөніндегі күш-жігерін атап өтті. БҰҰ-ЕО-ның “Жарық сәулесі” бастамасының серіктесі ретінде Қазақстан гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсын іске қосты, бұл бүкіл өңір бойынша мыңдаған әйелдер мен қыздарға пайда әкелді.

ҚР Парламенті Сенаты Спикерінің кеңесшісі және ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева кездесудің сәтті өтуін қамтамасыз етуде төрайым ретінде маңызды рөл атқарды. Ол өзінің испандық тең төрағасымен бірлесіп кездесудің негізгі идеялары мен нәтижелерін көрсете отырып, талқылаулардың қысқаша мазмұнын ұсынды. Сонымен қатар, әртүрлі көзқарастарды мойындайтын теңдестірілген және инклюзивті ортаны құруға ықпал етті.

ҚР өкілі әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға арналған тақырыптық сессияда жасаған мәлімдемесінде еліміздің бұл мәселені ұлттық және халықаралық деңгейде шешуге деген ұмтылысын атап өтті. Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке жатқызатын заңдар қабылдап, 2024 ж. қазан айында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою туралы қарардың бірауыздан қабылдануына жетекшілік етті.

Сонымен бірге, Л. Қалтаева Аустрия, Армения, Нидерландтар, Франция, Испания, АҚШ және БҰҰ-Әйелдер делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Бұл Қазақстанның гендерлік теңдік саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа бейілділігін тағы да нығайтты.

Өңірлік шолу процесінің шеңберінде Қазақстан Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасын іске асыру туралы өзінің ұлттық баяндамасын ұсынды. БҰҰ ЕЭК өңіріндегі шолу нәтижелері 2025 жылғы наурызда Нью-Йоркте өтетін жаһандық шолуда ұсынылатын болады.