Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға деген әлемдік қауымдастыққа үндеуі Біріккен Ұлттар Ұйымында кең қолдау тапты

Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға деген әлемдік қауымдастыққа үндеуі Біріккен Ұлттар Ұйымында кең қолдау тапты

Женева, 2024 жылғы 10 қазан – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 57-ші сессиясы барысында Қазақстан ұсынған халықаралық қауымдастықты тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға шақыратын резолюция бірауыздан қабылданды. «Жабулы қақпақ астында» болып жатқан жаһандық зорлық-зомбылық мәселесіне жарық түсіретін құжат БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау алаңында тұңғыш рет қаралды. Оны ұсыну бойынша жұмыс Орталық Азиядағы бауырлас республикалар – Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлесіп жүргізілді.

Әлемдік қауымдастықтың бұл мәселеге баса назар аударуы Президент Қ.Тоқаев жүргізіп жатқан реформалардан бастау алатын Қазақстанның құқық қорғау саласындағы басымдықтарына негізделген. Атап айтқанда, 2024 жылғы сәуірде қабылданған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау туралы заң бұл бастаманы БҰҰ АҚК жаһандық алаңында ілгерілетуге түрткі болды.

Резолюцияның арқасында Адам құқықтары жөніндегі кеңес алғаш рет отбасындағы зорлық-зомбылықтың адам құқықтары мәселесі екенін мойындады және барлық мемлекеттерді отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және жою, құрбандарды қорғау және кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға одан әрі жәрдемдесу және халықаралық қауымдастықтың назарын осы мәселеге аудару мақсатында Кеңес оны 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жою бойынша БҰҰ панельдік талқылауын өткізуді ұйғарды. Талқылау қорытындысы бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін құрылымдық және терең себептер мен қауіп факторларын қалай жою керектігі туралы нақты ұсыныстары бар жан-жақты баяндама ұсынатын болады.

БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ұстанымдары мен тәсілдерінің айырмашылығына қарамастан, Қазақстан ұсынған АҚК резолюциясы 60-тан астам елдің, оның ішінде АҚШ, ҚХР, Еуропалық одақ, Латын Америкасы, Азия және Африка елдерінің тең авторлыққа қосылу түрінде кең қолдау тапты.

Қазақстанның бастамасын қолдап және еліміздің АҚК-дағы жұмысын жоғары бағалай отырып, резолюцияны қабылдау барысында БҰҰ-ның құқық қорғау алаңының негізгі ойыншылары, оның ішінде Еуропалық одақ атынан Франция, Германия және Бельгия, сондай-ақ Қытай, Жапония, Бразилия және басқа елдердің делегациялары сөз сөйледі.

Резолюция Адам құқықтары жөніндегі кеңесте бірауыздан қабылданып, еліміздің БҰҰ-ның көпжақты алаңындағы күш-жігерінің кезекті айтулы нәтижесі болды.

Биыл Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне екінші үшжылдық мүшелігін аяқтап, адам құқықтарының барлығына тең құндылықтарына адалдығын растап, оларды жаһандық деңгейде нығайтуға елеулі үлес қосты.