
Женева, 2024 жылғы 18 қыркүйек – БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 57-ші сессиясы шеңберінде Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының қолдауымен «Әр балаға бейбітшілік пен төзімділік үшін сапалы білім беру» атты Панельдік пікірталас өткізілді.
Іс-шарада баяндамашы ретінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова әлем бойынша қоғамның бейбітшілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі құралы ретіндегі білім берудің рөлін атап өтті. Қарулы қақтығыстар салдарынан зардап шеккен балаларды оңалту мен реинтеграциялаудағы білім берудің маңыздылығына тоқталып, қазақстандық дипломат Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарындағы қазақстандық балаларды репатриациялау және реинтеграциялау бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.
БҰҰ-ның құқық қорғау алаңында өткен Панельдік пікірталас БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық ҮЕҰ арасында үлкен қызығушылық тудырды.
БҰҰ-ның бұл іс-шарасына 130-дан астам мемлекеттің өкілдері қатысты. Олар өз сөздерінде әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға және қақтығыс аймақтарындағы балалардың жағдайына назар аударды. Осыған байланысты, көптеген делегациялардың мәлімдеуінше, Қазақстан бастамашылық еткен АҚК-дағы талқылау мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының баяндамасы бейбітшілік орнату мен халықаралық қоғамдастықтың орнықты дамуы жолында білім беруді пайдалану үшін ерекше құндылыққа ие.
Пікірталас тақырыбының жалғасы ретінде Кеңестің 57-ші сессиясы шеңберінде Женевадағы ҚР Тұрақты өкілдігі Халықпен жұмыс істеу және оның өмірге төзімділігін арттыру үшін жаһандық қормен (GCERF) және қазақстандық «AQNIET» қорымен бірлесіп «Бейбіт қоғамда өмір сүру құқығы: қақтығыс аймақтарынан қайтарылған қазақстандық азаматтарды реинтеграциялау» тақырыбында сайд-ивент ұйымдастырды. Іс-шараның басты бағыты Сирия мен Ирактың қақтығыс аймақтарынан қайтарылғандарды қоғамға қайта қосылу процесі аясында олардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету маңыздылығына бағытталды.
GCERF басшысы Х.Козер Қазақстанның осы бағыттағы жұмысына жоғары баға беріп, GCERF пен Қазақстан арасында жақында орнатылған әріптестік қарым-қатынасты атап өтті. «AQNIET» өкілдері Женеваның құқық қорғау қауымдастығын Қазақстан Үкіметімен және халықаралық серіктестермен Сирия мен Ирактан қайтарылған 700-ден астам әйелдер мен балалардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі бірлескен күш-жігері туралы хабардар етті. Іс-шараға сондай-ақ «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында қайтарылған қыз баласы қатысып, Сириядағы лагерьде басынан өткен жеке қайғылы тәжірибесімен бөлісті.
Ел делегациялары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері осы мәселе бойынша хабардарлықты арттыру үшін осындай пікірталастарды жалғастыруға, сондай-ақ қайтарылғандардың құқықтарын қалпына келтіру және бейбіт өмір сүру мүмкіндігін беру үшін оларды реинтеграциялау бойынша қазақстандық тәжірибені зерделеуге қызығушылықтарын білдірді.