
Женева, 2024 жылғы 26 шілде — Қазақстанның Тұрақты өкілдігі медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) бойынша елдердің жаһандық коалициясын құру бастамасы туралы Ұлттар Сарайында брифинг өткізді.
Іс-шараға тұрақты өкілдер мен дипломаттар қатысып, бұл, өз кезегінде, медициналық-санитарлық алғашқы көмек жүйелерін нығайтуға жаһандық қызығушылық пен мүдделілікті көрсетті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 ж. қазан айында Астанада өткен Алматы декларациясының 45-жылдығына және Астана декларациясының 5-жылдығына арналған МСАК жөніндегі жаһандық конференция барысында МСАК бойынша елдер коалициясын құруды ұсынған болатын. Коалицияның мақсаты – бүкіл әлемде денсаулық сақтау жүйелерін МСАК-қа түбегейлі бағдарлауды қолдау.
Қазақстанның Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев өз сөзінде Коалиция мақсаттарына, операциялық тетіктері мен қатысушы елдер үшін артықшылықтарына шолу жасады. «Коалиция денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға және орнықты даму мақсаттарын (ОДМ), атап айтқанда, салауатты өмір салтын қамтамасыз етуге және кез келген жастағы барлық адамдардың әл-ауқатына жәрдемдесуге бағытталған 3-ОДМ-ға қол жеткізуге ұмтылады», - деп атап өтті қазақстандық дипломат. Сонымен қатар, ол Коалицияның МСАК үшін саяси жұмылдыру, ақпараттық-түсіндіру және білім алмасу мақсаттарын белгілеп, елдерді оған қосылуға шақырды.
Брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) МСАК жөніндегі арнайы бағдарламасының Директоры, доктор Сурайя Дәліл шақырылған баяндамашы ретінде сөз сөйледі. Д-р Дәліл Қазақстанның бастамасын жоғары бағалап, оның денсаулық сақтау саласындағы жаһандық мақсаттарға сәйкестігін және ДДСҰ-ның бүкіл әлемде медициналық-санитарлық алғашқы көмекті нығайтуға бейілділігін атап өтті. Әлем халқының жартысы негізгі медициналық қызметтермен толық қамтылмағанын атап өтіп, ол денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізудегі МСАК маңыздылығына тоқталды.
Коалиция серіктестер арасындағы өзара әрекеттесуді, білім алмасуды, озық тәжірибе және ДДСҰ-ның бар ресурстары мен тетіктерін қолдау арқылы идеяларды дамытуды қамтамасыз ететін халықаралық альянс және серіктестік платформа ретінде жұмыс істейді.
Іс-шара сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды, онда қатысушылар коалицияның жұмыс әдістері мен одан әрі қадамдарын талқылады.
Коалиция туралы қосымша ақпаратты мына жерден табуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/documents/details/665866?lang=en