ДСҰ-ға кіруге арналған Аптада ұсынылған Қазақстанның ДСҰ-ға қатысуының бес жылдық тәжірибесі

ДСҰ-ға  кіруге  арналған  Аптада ұсынылған Қазақстанның  ДСҰ-ға қатысуының  бес жылдық  тәжірибесі

Женева қаласындағы БҰҰ Бөлімшесі мен халықаралық ұйымдар жанындағы  Тұрақты  өкілі, Елші  Жанар  Айтжанова   осы  жылғы  29 маусымда   «Қазіргі жағдай және келешек: Дүниежүзілік  Сауда  Ұйымына  мүшеліктің  маңызы»  атты  тақырыпта   жоғары  деңгейдегі   виртуальды   сессияда  сөз  сөйледі.  Бұл  іс-шара  ү.ж.  29 маусым  мен 3 шілде  аралығында  өтіп  жатқан ДСҰ-ға  мүше болуға арналған  Аптаның  ашылуына  арналды. 

Сессияда  ДСҰ Бас  директорының  орынбасары  А.Вульф,  «Деловая  Европа»  еуропалық  бизнес  қауымдастығы бас директорының  орынбасары  Л.Сантос және Женева  Университетінің  профессоры  М.Мразова  сөз  сөйледі.  ДСҰ  Экономикалық талдау  және  статистика  департаментінің  директоры  Р.Купман  сессияның  модераторы болды.

ДСҰ Бас  директорының  орынбасары  А.Вульф кіріспе сөзінде, әлемдік  сауда мен  экономика үшін  ДСҰ-ның   маңыздылығынын,  Ұйымның 25 жылдағы  қол  жеткізген  жетістіктерін,  сондай-ақ   оның  болашақтағы  жұмысын  қамтамасыз  ету  үшін  қажетті   іс-әрекеттерді  атап  өтті.  Ол  ДСҰ-ға  кіретін  елдерге Ұйымға  мүше болудың артықшылықтары, оның  алдында  тұрған міндеттер,  сондай-ақ  ДСҰ-ға  мүше  мемлекеттерге  СOVID-19 пандемиясының салдарынан шығуға бағытталған бастамалары мен   шараларына  тоқталды. 

Елші  Ж.Айтжанова  сессияға  қатысушыларды  тауарлар мен  қызметтер нарығына   қолжетімділікті  кезеңімен либерализациялау бойынша  қабылданған  міндеттемелерді  орындау  нәтижесінде, ДСҰ-ға  Қазақстанның  мүше  болуынан   ел  экономикасына  келетін  негізгі ұтымды жақтары туралы  хабардар етті.  Осы  жылғы  қарашада  Қазақстанның   ДСҰ-ға   мүше  болғанына  бес  жыл толады.  ДСҰ-ға  мүше  болу  Қазақстанның  сыртқы  экономикалық  және сауда  саясатындағы  негізгі   стратегиялық басымдықтарының  бірі  болды. 

Қазақстандық  дипломат ДСҰ-ға  кіру үдерісінде  Қазақстан  Үкіметінің  экономиканың   негізгі  секторларына  инвестициялар  тарту,  сауда  саясатының   ашықтығын    арттыру мен  болжамдығын  қамтамасыз  ету, сондай-ақ  бизнесті  жүргізу мақсатында   әкімшілік  кедергілерді  алып тастауға  қолайлы  жағдайлар  жасау  үшін  нақты  экономикалық реформаларды  жүзеге асырғанын  атап  көрсетті.   Үкіметтің  жүйелі  шараларының  нәтижесінде Қазақстан  Дүниежүзілік Банктің  "Doing Business" рейтінгінде  2015 жылмен  салыстырғанда 189 мемлекет ішінен 77-ші орыннан, 2020 жылы  25-ші  орынға  көтерілді. 

Негізгі  қызметтер секторының нарығына қолжетімділік жағдайларын   ырықтандырудың нәтижесінде, қызмет саласына тікелей шетелдік инвестициялар тартудың   үлесі  30%-ға  ұлғайды  және 2019 жылы  24 млрд. АҚШ долларын  құрады. Бұл Қазақстан экономикасының диверсификациясына ықпал етті.