Женевада Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамалары талқыланды

Женевада Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамалары талқыланды

Женева қ. 2024 ж. 7 ақпан – Женевадағы БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы Еуропалық кеңсесінің директоры Арнольд Крейлхубермен кездесті.

Әңгімелесу барысында тараптар климаттық күн тәртібі және қоршаған ортаны қорғау бойынша бірлескен жұмыс бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, 2024 жылы Франциямен бірлесіп Нью-Йоркте «Бір Су» саммиті, сондай-ақ Астанада АӨСШК елдеріндегі экологиялық проблемалар жөніндегі жоғары деңгейдегі конференция және қоршаған ортаны қорғауға жауапты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволары басшыларының кездесуін өткізу сияқты қазақстандық бастамалар талқыланды.

БҰҰ өкілі Қазақстанның қоршаған орта және климат саласындағы белсенді халықаралық ұстанымын, оның халықаралық келісімдер бойынша өз міндеттемелеріне адалдығын атап өтті. Астана өңірде алғашқылардың бірі болып Париж келісімін ратификациялады және 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптық стратегиясын қабылдады. Соңғы қадамдардың бірі еліміздің СОР-28 аясында метан шығарындысын азайту жөніндегі жаһандық бастамаға, G7 климаттық клубына және қоршаған ортаны қорғау бойынша басқа да бастамаларға қосылуы болды.

Сонымен қатар, 2026 жылы БҰҰ қолдауымен Астанада Орталық Азия өңірлік климат бойынша саммитін өткізу, Алматыдағы БҰҰ өкілдігін Орталық Азия елдері және Ауғаныстан үшін БҰҰ орнықты даму жөніндегі өңірлік хабына айналдыру мәселелері талқыланды.