Қазақстандық ядролық физика институты ЦЕРН-мен ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Қазақстандық ядролық физика институты ЦЕРН-мен ынтымақтастықты нығайтып жатыр

Женева, 2024 жылғы 24 қаңтар – Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ кеңсесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілдігінің көмегімен 2024 жылғы 22-23 қаңтарда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі «Ядролық физика институты» РМК (ЯФИ) делегациясы Бас директор С.Сахиевтің басшылығымен Женевадағы Еуропалық ядролық зерттеулер орталығында (ЦЕРН) болды. Сондай-ақ, ЦЕРН сапары қарсаңында «Institut Laue-Langevin» Еуропалық нейтрондық зерттеулер орталығының (ILL, Франция) тұрақты қызметкері Валерий Несвижевскиймен кездесу өтті.

ЦЕРН халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Шарлотта Варакаулемен кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың еліміздегі ғылымды жан-жақты дамытуға бағытталған реформалары жоғары бағаланды. Варақауле ханым соңғы бірнеше жылдағы ғылым және білім министрлігін екі бөлек басқармаға бөлу, Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебеге ие болуы, ғылымды қаржыландырудың бірнеше есе ұлғаюы сияқты Қазақстан басшысының дәйекті қадамдарын атап өтті. Соңғы бірнеше жылда жасалған бұл қадамдар Қазақстанның ғылыми әлеуетін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Сапар барысында делегация RD51 және DRD1 коллаборацияларының зертханасында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты және ЦЕРН-нің басқару орталығында болды. NA62 эксперименттік аймағына бару барысында 2023 жылғы маусымда ЦЕРН, NA62 және ЯФИ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумы аясында NA62 сессияларына қазақстандық әріптестердің белсенді қатысуы талқыланды. CMS ынтымақтастығыныңё жетекшісі Патрисия Макбрайд Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне ЯФИ делегациясының мүшелерін ЦЕРН Үлкен адрондық коллайдерінің CMS (Compact Muon Solenoid) әмбебап детекторының жұмысымен таныстырды.

Өз кезегінде С.Сахиев еуропалық әріптестеріне қабылдауы үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның түрлі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтар, соның ішінде ЦЕРН жұмысына белсенді қатысып отырғанын атап өтті. Сапар барысында ЯФИ бас директоры ЦЕРН бас директоры Фабиола Джанотти ханымға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Қазақстанға жұмыс сапарымен келу туралы шақыруын табыс етті.