
Женева, 2023 жылғы 12 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрайымы Эльвира Әзімова және Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Көшбасшылар сегментінің «Адам құқықтарының болашағы және бейбітшілік пен қауіпсіздік» атты жоғары деңгейлі дөңгелек үстеліне спикерлер ретінде қатысты. Қазақстандық делегацияның басшысы адам құқықтары призмасы арқылы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі еліміздің көзқарасын ұсынды.
Э.Әзімова өз сөзінде бейбіт және орнықты дамуды қамтамасыз етудің үш негізгі факторы: әр адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау, саяси тұрақтылық, экономикалық және әлеуметтік прогресс үшін құқық үстемдігі, сондай-ақ халықаралық қатынастардың әрбір қатысушысының БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына бейілділігін атап өтті. Бұдан басқа, ол саяси реформалар жүргізу арқылы әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бейбітшілік пен толеранттылықты ілгерілету бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.
ҚР Конституциялық сотының төрайымы БҰҰ-ның Көшбасшылар сегментінде біздің өңірден қатысқан жалғыз спикер болды.
Жоғары деңгейлі іс-шара аясында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ.Омаров екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелерін, сондай-ақ өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Халықаралық еңбек ұйымы және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Сонымен қатар, қазақстандық делегацияның Женеваға сапарының соңында Конституциялық соттың төрайымы Э.Әзімова мен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ.Омаровтың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Ф.Тюркпен кездесуі өтеді, онда 2023 жылғы 8 желтоқсанда Мемлекет басшысы мақұлдаған ҚР адам құқықтары саласындағы іс-қимыл жоспары, сондай-ақ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының сол жоспарды жүзеге асыру жұмысына қатысу мәселелері талқыланады.