Женева, 2023 жылғы 11 желтоқсан – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Ф.Тюрктың шақыруымен Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрайымы Эльвира Әзімова бастаған ҚР делегациясы БҰҰ-ның ағымдағы жылғы айтулы оқиғасы - Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған жоғары деңгейлі іс-шарасына қатысуда. Қазақстандық делегацияның тығыз бағдарламасы БҰҰ-ның екі күндік отырыстарына, сондай-ақ форум алаңдарындағы жекелеген іс-шаралар мен екіжақты кездесулерге қатысуды қамтиды.
Іс-шараның бірінші күні барысында Э.Әзімова БҰҰ-ға Мемлекет басшысының адам құқықтары саласындағы реформаларына негізделген Қазақстанның ұлттық міндеттемелерін ұсынды. Біздің еліміз балаларды құқықтық қорғау тетіктерін кеңейту, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүйелі іске асыру, адам құқықтарын неғұрлым тиімді жүзеге асыру үшін цифрландыруды ілгерілетуге инвестициялау, азаматтық қоғамның проактивті рөлін арттыру, сондай-ақ БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының адам құқықтарын қорғау көрсеткіштерін ұлттық жоспарларға интеграциялау мәселелеріне баса назар аударды.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация басшысы форум аясында өткен «Қазақстанның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы бойынша міндеттемелері: имплементация және шындық» атты ҚР-ның құқық қорғау бойынша үкіметтік емес ұйымдарының арнайы іс-шарасында спикер ретінде сөз сөйледі. Өз сөзінде ол адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді имплементациялау бойынша мемлекеттің атқарған жұмысын атап өтті және оның маңызды бөлігі ретінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына бейілділік қала бермек. ҚР Конституциялық сотының төрайымы халықаралық сарапшыларды Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ұсынған шаралардың үш пакетін, сондай-ақ 2023 жылғы 8 желтоқсанда Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық күн қарсаңында қабылданған Адам құқықтары саласындағы іс-қимыл жоспары туралы Жарлықтың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бас форумы алаңында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі А. Ластаев Ұлттық құқық қорғау институттарының жаһандық альянсы (GANHRI) және БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, ұлттық құқық қорғау мекемелерінің БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға қосқан үлесі мәселелеріне арналған қатарлас іс-шара өткізді. Ол халықаралық құқық қорғау қауымдастығын саяси реформалардың Омбудсмен мәртебесін конституциялық деңгейде нығайтуға әсері туралы, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі комиссия, бала құқықтары, бизнес мәселелері және өзге де мәселелер жөніндегі омбудсмендер сияқты Қазақстанның ұлттық тетіктері туралы хабардар етті. Жаһандық альянс төрағасы мен БҰҰДБ басшысы еліміздің қабылдаған шараларын жоғары бағалады, сондай-ақ қатысушыларға ОДМ-ды ұлттық деңгейде іске асыру үрдісіне ҰҚҚМ қатысуының халықаралық стандарттары мен үздік тәжірибесі туралы айтып өтті.
Бұдан басқа, бірінші күн барысында Конституциялық соттың төрайымы Э.Әзімованың Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкіл – Еуроодақ делегациясының басшысы И.Гилмормен және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының құқық үстемдігі бөлімінің басшысы С.Уокермен кездесулері болды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ. Омаров Халықаралық көші-қон ұйымы Бас директорының орынбасары У.Даниелспен кездесу өткізді, сондай-ақ Жоғарғы комиссар Ф.Тюрктың Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған «Бейбітшілік мәдениетін ілгерілету» бойынша жоғары деңгейлі іс-шарасына қатысты.