
2023 ж. 15 қараша, Женева қ. - Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы, халықаралық қатынастар мен саяси экономика жөніндегі маман Мирас Жиенбаевтың БҰҰ Женева бөлімшесінде «Widening the Scope: How Middle Powers are Changing Liberal Institutionalism» кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шара БҰҰ бастамасымен 1919 жылы құрылған Ұйымның тарихи Кітапханасында ұйымдастырылды. Оған дипломатиялық миссиялардың басшылары, Женеваның дипломатиялық, ғылыми-зерттеу және аналитикалық топтарының өкілдері қатысты.
БҰҰ Женева Кітапханасы мен мұрағатының директоры Франческо Пизано панельдік сессияның модератор рөлін атқарды. Қазақстандық сарапшымен қатар спикерлер ретінде Женева қауіпсіздік саясаты жөніндегі орталығының ғылыми қызметкері, Женевадағы БҰҰ Бас директоры аппаратының бұрынғы басшысы Давид Чикваидзе, сондай-ақ Geneva Graduate Institute докторантурасының ғылыми қызметкері, Лозанна университетінің Халықаралық тарих және жаһанданудың саяси зерттеулер орталығының қауымдастырылған мүшесі Фанни Бадаш сөз сөйледі.
«Widening the Scope» - халықаралық қатынастардағы «орта державалардың» рөлін зерттеуге арналған Қазақстандағы алғашқы монографиялық зерттеулердің бірі. Панелистер қазіргі заманғы мультилатерализмнің тенденциялары мен сын-қатерлерін, атап айтқанда «орта державалардың» әлемдік қиындықтарды қалай шешетінін және олардың халықаралық аренада бір-бірімен қалай ынтымақтасатынын талқылады.
Қазақстандық автордың кітабының БҰҰ-да алғаш рет осындай форматта тұсаукесері Женева академиялық және сараптамалық қоғамдастығының қызығушылығын және қазақстандық зерттеудің халықаралық қатынастардың академиялық теориясына қосқан үлесін көрсетті.
«Widening the Scope» БҰҰ-ның бүкіл құрылымындағы ең үлкен, мультилатерализм туралы әлемдік білімнің орталығы болып табылатын БҰҰ мұрағаты мен кітапханасының жаңа каталогына кірді. Мұнда халықаралық қатынастар теориясы туралы бір данадан ұсынылған 11 мың бірегей туынды бар.