Қазақстан басшысының халыққа Жолдауы БҰҰ алаңында таныстырылды

Қазақстан басшысының халыққа Жолдауы БҰҰ алаңында таныстырылды

Женева, 2023 ж. 13 қыркүйек – Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 54-ші сессиясы шеңберінде жалпы пікірталасқа қатысып, мәлімдеме жасады.

Қазақстандық дипломат өз сөзінде БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғайтын басты алаңында Кеңес мүшелері мен бақылаушыларын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі элементтері туралы, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және елді одан әрі демократияландыру салаларында қабылданған шаралар туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, Е.Әлімбаев еліміздің БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасымен, БҰҰ-ның құқық қорғау тетіктерімен және халықаралық қоғамдастықпен барлығы үшін инклюзивті және тұрақты болашақ құру жолында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.