Мемлекет басшысының Жолдауын көпжақты дипломатия аясында жүзеге асыру Женевада талқыланды

Мемлекет басшысының Жолдауын көпжақты дипломатия аясында жүзеге асыру Женевада талқыланды

Женева, 2023 жылғы 4 қыркүйек - Президент Қ.Тоқаевтың ««Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі элементтерін талқылау үшін Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілдігінде дөңгелек үстел өтті. Оған дипломатиялық миссиялардың басшылары, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ Женевадағы қазақстандық азаматтар қатысты.

Өз сөзінде Тұрақты өкіл Ерлан Әлімбаев елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтты. Қатысушыларды адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және одан әрі демократияландыру салаларында қабылданған шаралармен таныстырды.

Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген экономикалық өзгерістердің өршіл жоспарлары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Е.Әлімбаев Женева алаңына, атап айтқанда энергетика, көлік және логистика, су ресурстары, IT және цифрландыру салаларына қатысты бастамаларға назар аударды. Оның айтуынша, олардың көпшілігін іске асыру үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажет болады.

Кейінгі интерактивті пікірталас барысында сарапшылар Қазақстанның өршіл, бірақ практикалық жоспарларын іске асыру бойынша сараптамалық қоғамдастық пен халықаралық ұйымдарды әлеуетті тарту бойынша алдын ала бағалаулар мен ұсыныстар айтты. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін өңірлік және жаһандық деңгейде бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығы атап өтілді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізгі басымдықтары БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарымен сәйкес келетінін, сондай-ақ халықаралық әріптестерді белсенді тарта отырып, өзін-өзі жеткілікті және әртараптандырылған экономиканы одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шара соңында Е.Әлімбаев Қазақстан Республикасы және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы арасындағы тиімді ынтымақтастықты дамытуға қосқан мол үлесі үшін осы ұйымның бұрынғы Атқарушы хатшысы Ольга Алгаероваға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін тапсырды. Словакияның белгілі дипломатының басшылығымен соңғы алты жылда Қазақстанның БҰҰ-мен көлік, сауда, энергетика, су ресурстары, экология, инновациялар және цифрландыру сияқты салалардағы практикалық өзара әрекеттері нығая түсті.