
2023 жылғы 29 тамыз, Женева қ. - Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілдігі бейбітшілік құруды ілгерілету жөніндегі жаһандық іс-шаралар сериясы шеңберінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге, сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75-жылдығына арналған арнайы іс-шара өткізді.
Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Тұрақты өкілі Е.Әлімбаев және БҰҰ Женева бөлімшесінің Бас директоры Т. Валовая сөз сөйлеп, Маршалл аралдарының Тұрақты өкілі, Панама, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы және Ядролық қаруды таратпау және жою үшін парламентшілер (PNND) ұйымының өкілдері баяндамалар жасады.
БҰҰ женевалық кеңсесінің басшысы Т. Валовая Қазақстан ядролық сынақтардан ең көп зардап шеккен елдердің бірі болып табылатынын және БҰҰ атынан ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға жәрдемдесу, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жөніндегі күш-жігері үшін елімізге ризашылығын білдірді.
Тұрақты өкіл Е.Әлімбаев Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын және өмір сүру құқығы туралы көпшілік мойындаған нормаларды іске асыру аясында Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамалары қазіргі жағдайда ерекше өзекті болып табылатынын және диалог, келіссөздер мен сенімді нығайту шараларын талап ететінін атап өтті.
Бұрынғы Семей полигонының проблематикасы контекстінде қазақстандық дипломат тұрғындар реабилитациясы мен экологияны қалпына келтіру, сондай-ақ Семей өңірінің экономикалық дамуы мақсатында халықаралық ынтымақтастық пен үйлестіру туралы дәстүрлі үш жылдық қарарды қолдауға шақырды. Бұл құжат Семей ядролық полигонында жүргізілген сынақтардың жағымсыз салдарларын жою үшін халықаралық қолдауды жұмылдыруға ықпал ететін болады.
Іс-шараға қатысушылардың көпшілігі әлем үшін ең маңызды екі тақырып - ядролық қарусыздану және адам құқықтары - Женева алаңында алғаш рет осы форматта талқыланғанын атап өтті. Мұндай пікірталастарды жалғастыру қажеттілігі туралы пікір айтылды.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін 64/35 қарармен жариялады. Бұл күн жыл сайын 29 тамызда атап өтіледі. 1991 жылы Семей сынақ полигонының жабылуын да, 1949 жылы өткізілген алғашқы кеңестік ядролық сынақтың күнін де білдіреді.