30-жылдық ынтымақтастық аясында Қазақстан әлеуметтік-экономикалық прогреске және еңбек жағдайларын жақсартуға ұмтылуда

30-жылдық ынтымақтастық аясында Қазақстан әлеуметтік-экономикалық прогреске және еңбек жағдайларын жақсартуға ұмтылуда

Женева, 2023 жылғы 12 маусым - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов бастаған Қазақстан Республикасының үшжақты делегациясы 187 мемлекеттен мыңдаған үкімет өкілдері, жұмыс берушілер мен еңбекшілерден тұратын Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) негізгі ірі іс-шараларына - Халықаралық еңбек конференциясының 111-ші сессиясы мен «Еңбек әлемі» атты саммитіне қатысуда.

Қазақстан делегациясының басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде ағымдағы жыл мерейтойлық жыл болып, Қазақстанның ХЕҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығымен атап өтілгенін хабарлады. А.Сарбасов еліміздің БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге, ХЕҰ стандарттарына сәйкес әлеуметтік-еңбек саясатын жетілдіруге, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті (үкімет-кәсіподақтар-кәсіпкерлер) нығайтуға бағытталған негізгі күш-жігерін атап өтті.

Қазақстан өкілі Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды реформалар шеңберінде жүргізіліп жатқан халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін нығайту туралы, атап айтқанда, Әлеуметтік кодекс пен Отбасының цифрлық картасы туралы хабардар етті.

Женевада болу кезінде А. Сарбасов ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбомен, Ұйым хатшылығы тиісті бөлімшелерінің басшылығымен, сондай-ақ Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының өкілдерімен және бірқатар елдердің делегацияларының басшыларымен кездесулер өткізді.

ХЕҰ өкілдері елімізбен ағымдағы ынтымақтастықты оң бағалап, Ұйымның ұсынымдары мен стандарттарын іске асыруда, сондай-ақ Лайықты еңбек туралы елдік бағдарламаны әзірлеуде техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Қазақстан Республикасы Халықаралық еңбек ұйымына 1993 ж. 31 мамырда кірді.

Қазақстан ХЕҰ-мен бірлесіп жұмыс істеген жылдар ішінде 25 ратификацияланған Конвенция бойынша міндеттемелерді ұлттық заңнамаға енгізді. 

ХЕҰ - үш жақты құрылым. Ұйымда жұмыс берушілер мен еңбекшілердің өкілдері Үкімет өкілдерімен бірге саясат пен бағдарламаларды анықтауда тең дауысқа ие.