
Женева, 2023 жылғы 17 сәуір – Қазақстан БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) әлеуетін тиімді пайдалануға ниетті және оны одан әрі институцияландыруды және нығайтуды қолдайды. Бұл мәлімдемені Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2023 жылғы 17 сәуірде Женева қаласында СПЕКА-ның 25-жылдығына орай ұйымдастырылған қатысушы мемлекеттер Министрлерінің БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарыеың басшыларымен диалогта жасады.
«Біз бұл Бағдарламаны өңіріміздегі экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарындағы ұлттық бастамалар, өңірлік үлестер және БҰҰ-ның сарапшылық әлеуетін біріктіруге мүмкіндік беретін бірегей алаң ретінде қарастырамыз»,- деді қазақстандық Министр.
Іс-шара барысында СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның жоғары деңгейдегі делегациялары өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және БҰҰ Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін сауданы жеңілдету, көліктік-транзиттік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ цифрландыру және жасыл технологияларды ілгерілету мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесудің қорытындысы бойынша қабылданған Бірлескен мәлімдемеде Министрлер СПЕКА-ны өзінің Траст қоры бар өңірлік интеграцияның тиімді институтына айналдыруға деген ниеттерін растап, басқа елдер мен халықаралық серіктестерді Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде ақпарат алмасу және басқа да бағыттар бойынша нақты жобаларды іске асыру үшін Бағдарламаға қолдау көрсетуге шақырды.
СПЕКА – Орталық Азиядағы субөңірлік ынтымақтастықты дамыту үшін БҰҰ Еуропа үшін экономикалық комиссиясы және БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен 1998 жылы іске қосылып, сауда, су және энергетика ресурстары, көлік, статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және экономиканың гендерлік аспектілері сияқты бағыттар бойынша жұмыс атқаратын Арнайы бағдарлама.