
Женева, 2023 жылғы 4 сәуір – Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ө.Ибраев 3-4 сәуірде БҰҰ Женевадағы бөлімшесінде өтіп жатқан "Қоршаған ортаның химиялық заттар және қоқыс қалдықтарымен ластануынан адам құқықтары мен қоғамдық мүдделерді соттық қорғау" тақырыбындағы коллоквиумға қатысты.
Іс-шараның мақсаты – қоғамның қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты шешімдерді қабылдауға қатысуын және ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған Орхус конвенциясын іске асыру жолындағы өзекті мәселелерді талқылау және оның тетіктерін жетілдіру болды.
БҰҰ Еуропа үшін экономикалық комиссиясының «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияны» (Орхус конвенциясы) 1998 жылы жасалды және 2000 жылы Қазақстан Республикасымен ратификацияланды.