Наурыз мейрамы халықаралық дипломатия орталығында тойланды

Наурыз мейрамы халықаралық дипломатия орталығында тойланды

Женева, 2023 жылғы 20-21 наурыз – Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігі халықаралық және женевалық қоғамдастықты еліміздің мәдениеті және өнерімен таныстыру үшін Наурыз күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

20 наурызда Тұрақты өкілдікте өткен мерекелі іс-шараға Женева әйелдері, БҰҰ әйелдері және Азия елдері әйелдері қауымдастықтарының мүшелері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус басшыларының жұбайлары қатысты.

Жоғары лауазымды қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық киім-кешегі, аспаптары және тағамдарымен жақынырақ танысты.

Іс-шара соңында әрбір қатысушы қазақ қонақжайлылығының үздік дәстүрлері бойынша наурыз көжеден дәм татты.

21 наурызда Қазақстанның Тұрақты өкілдігі басқа елдермен (Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан) бірлесіп ұйымдастырған салтанатты қабылдау өтті. Мерекеге халықаралық ұйымдардың басшыларын, дипломатиялық корпус пен халықаралық Женева өкілдерін, сондай-ақ Женевада тұратын Қазақстан азаматтарын қоса алғанда, бір жарым мыңнан астам қонақ қатысты.  Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Е. Әлімбаев құттықтау сөз сөйледі.

Қонақтарға наурыз көже, қымыз, бауырсақ және тәттілер сияқты дәстүрлі тағамдар ұсынылды.

Ұлттық мәдениеттің бай мұрасын ілгерілету мақсатында Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының фольклорлық кәсіби ұжымдық ансамбльдері Женеваға шақырылды. «Мұрагер» қазақ халық аспаптар ансамблі, «Інжу-Маржан» бишілер тобы және солистер Меруерт Уәли мен Жасұлан Базарбаев мерекелік концерттерде өнер көрсетті.

Сонымен қатар, Женева Жоғары музыкалық мектебімен ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында «Мұрагер» ансамблінің классикалық және халық аспаптарында этно-музыка ойнайтын «l' Ensemble Oriental» ансамблінің музыканттарымен достық кездесуі өтті.

Жалпы, өткізілген іс-шаралар Женева жұртшылығының еліміздің мәдениетіне үлкен қызығушылығын тудырды және қазақстандықтарға өз үйіндегідей сезінуге мүмкіндік берді.