Женева, 2023 жылғы 28 ақпан - Женевадағы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Түрікменстан мен Өзбекстан Тұрақты өкілдіктерімен бірлесіп және Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияның қолдауымен Орталық Азияны өлім жазасынан азат аймақ ретінде ресми түрде жариялау мәселесін талқылау үшін Орталық Азия мемлекеттері мен Моңғолияның (кеңейтілген Орталық Азия өңірі) гибридті форматтағы кездесуін ұйымдастырды. Іс-шара БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 52-ші сессиясы аясында өтті.
Кездесуге ОА мен Моңғолия Тұрақты өкілдері, сондай-ақ өңір елдері министрліктерінің департамент басшылары қатысты. Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі министрі Ақмал Саидов және Комиссия Президенті Нэви Пиллэй мен Вице-президенті Рут Дрейфус дөңгелек үстелдің ашылуында сөз сөйледі. ҚР Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов қазақстандық делегацияны басқарды.
Қатысушылар өңір елдерінде өлім жазасын жою бойынша қабылданған шараларды, сондай-ақ Орталық Азияның кеңейтілген өңірін өлім жазасынан азат әлемдегі бірінші аймақ ретінде ресми жариялауды одан әрі ілгерілету жолдарын талқылады.
Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссия - бүкіл әлемде өлім жазасының күшін жою мәселесімен айналысатын тәуелсіз ұйым. Қазіргі уақытта 100-ден астам ел өлім жазасын заңнамалық деңгейде алып тастады. ҚР Комиссияның қолдау тобының мүшесі болып табылады. Президент Қ.Тоқаев бастамашылық еткен реформаларды іске асыру жөніндегі 2022 ж. маусымдағы референдум қорытындысы бойынша Қазақстанда өлім жазасына Конституциямен тыйым салынған. Өлім жазасын жаппай жою еліміздің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі басымдықтарының бірі болып табылады.