
Женева, 2023 жылғы 27 ақпан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 52-ші сессиясының жоғары деңгейдегі сегментінде сөз сөйледі. Іс-шараға 150 мемлекеттің жоғары өкілдері, ұйымның Бас хатшысы А.Гутерриш және Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар Ф. Тюрк қатысты.
М. Тілеуберді өткен жылы Қазақстанда елдің бүкіл саяси жүйесін өзгертетін және елеулі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге әкеп соқтыратын елеулі реформалар жүргізілгенін атап өтті.
Министр халықаралық қоғамдастықты еліміздің Конституциясына «суперпрезиденттік» басқару нысанынан президенттік Республикаға ықпалды Парламентпен және есеп беретін Үкіметпен түпкілікті көшуді бекітуге бағытталған өзгерістер енгізу туралы хабардар етті. Сөз сөйлеу барысында Қазақстанның құқық қорғау жолында қол жеткізген жетістіктері атап өтілді - Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен мандатын нығайту, хабарламалар рәсіміне қатысты Бала құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамаға қол қою, балалардың мүддесі үшін Ұлттық қор құру, саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75-жылдығы мен Вена декларациясы мен іс-қимыл бағдарламасының 30-жылдығы қарсаңында сыртқы саясат ведомствоның басшысы халықаралық қоғамдастықты диалог, өзара құрмет және ынтымақтастық негізінде жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін бірігуге шақырды.