
4 наурызда Женевада БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің 43-сессиясы барысында Ұйымның терроризмге қарсы іс-қимыл жағдайындағы адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау жөніндегі арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолайн өзінің 2019 жылғы мамырда Қазақстанға жасаған іс-сапарының нәтижесі туралы мәлімдеме жасады.
Ол өзінің елімізге жасаған іс-сапарын ұйымдастыруға Қазақстан билігінің көрсеткен қолғабысы мен ашықтығын оң бағалайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның «Жусан» және «Русафа» операцияларын жоғары бағалап, БҰҰ-ның мүше мемлекеттерін өз азаматтарын Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан қайтару және реинтеграциялау бойынша Қазақстанның оң үлгісін ұстануға шақырды.
Сонымен бірге БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы бірқатар заңнамалық актілерді және терроризмге қарсы күресте құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Аталған мәлімдемеге жауап ретінде Қазақстан делегациясы БҰҰ өкіліне терроризммен күрес жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғау және ілгерілету жөніндегі мемлекет басшылығының іс-әрекетін оң бағалағанына алғыс айтып, Кеңесті Мемлекет басшысының азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған реформалары туралы хабардар етті.