Қазақстандық делегацияның Женевадағы Cу және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамаға тараптарының кездесуіне қатысуы туралы

Қазақстандық делегацияның Женевадағы Cу және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамаға тараптарының кездесуіне қатысуы туралы

Женева, 2022 жылғы 16-18 қараша -  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Сәдуақасов бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бірлесіп ұйымдастырған Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттама тараптары кездесуінің 6-сессиясына қатысуда.

Делегация басшысы 2022 ж. 16 қарашада өткен Климаттың өзгеруі мен пандемия кезінде сумен қамту, санитария мен гигиена жүйелерінің (WASH) және денсаулық сақтау қызметтерінің тұрақтылығын нығайту жөніндегі жоғары деңгейдегі сессия барысында COVID-19 пандемиясы кезінде суға, санитарияға және гигиенаға қатысты Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті. Аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың жаңа әдістерін, жаңа инфекциялық ауруханаларды ашуды, QazVac вакцинасын әзірлеуді және цифрлық технологияларды пайдалануды қоса алғанда, елімізде пандемияға қарсы әрекет ету және қалпына келтіру кезінде қолданылған инновациялар туралы хабарлады.

Қазақстан WASH-ті өзінің саясаты мен заңнамасына қосып, 3- және 6-шы орнықты даму мақсаттарға қол жеткізуге, сондай-ақ өңірдегі су мен денсаулық сақтау мәселелерін шешу үшін ашық диалогқа жәрдемдесуге ұмтылуда.

Қазақстандық делегация 2022 ж. 17 қарашада БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Ольга Алгаеровамен кездесті.

Тараптар Қазақстанның Хаттамаға қосылу процесін, сондай-ақ 2023 жылғы наурызда өтетін БҰҰ-ның Су жөніндегі жаһандық конференциясына дайындық аясындағы бірқатар жобаларды талқылады. Қазақстанның БҰҰ ЕЭК және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмысының динамикасына қанағаттанғандығын және бірлескен жобаларды одан әрі табысты іске асыруға үміт білдірді.