
2019 жылғы 9-11 желтоқсан аралығында Женевада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) штаб-пәтерінде ДСҰ Бас кеңесінің қорытынды отырысы өтті. Отырыс барысында ДСҰ-ға мүше елдер ДСҰ-ны реформалау мәселелері және 2020 жылы маусымда Нұр-Сұлтан қаласында ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясында қарау жоспарланып отырған келіссөз мәселелерінің ағымдағы мәртебесі талқыланды.
Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі, Елші Жанар Айтжанова ДСҰ мүшелеріне келіссөздердің көпжақты бағыттарын жандандыруға шақырды. ҚР Тұрақты өкілі ДСҰ Бас кеңесінің келесі отырысында әрбір ел бүгінгі күні шешілмеген мәселелері бойынша іргерлікке қол жеткізу мақсатында, Ұйымды реформалау және көп жақты келіссөздер үдерістерін қоса алғанда, елдік деңгейде де және ДСҰ-ның келіссөз топтарында қандай әректтер жасалғаны туралы баяндауды ұсынды.
Қазақстандық дипломат келіссөз бағыттары бойынша 12-ші министрлік конференциясына дейін балық аулауды субсидиялау жөніндегі келіссөздерді аяқтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Елші Айтжанова қызметтерді реттеу, электрондық коммерция және инвестицияларға жәрдемдесу саласындағы жаңа ережелер бойынша плюрилатералды келіссөздерде әлеуетті нәтижелерге қол жеткізуге үміт білдірді.
ДСҰ-ның Бас директоры Р. Азеведо алдағы ДСҰ конференциясына дайындық шеңберінде 12-ші министрлік конференциясының шынайы және орындалатын шешімдерін дайындаудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ іс-шараның қорытындысы бойынша жүзеге асырылатын міндеттерді белгілеуге шақырды, бұл ұйымның барлық мүшелері тарапынан икемділік, тартымдылық және саяси ерік-жігер көрсетуді талап етеді.
Бұдан басқа, ДСҰ аппеляциялық органының мәселесі бойынша консенсустың болмауын ескере отырып, бас директор осы органның жұмыс істеуінің проблемаларын шешу мақсатында оның басшылығымен консультациялардың іске қосылғаны туралы хабарлады.
Отырыс қорытындысы бойынша ДСҰ-ға мүше елдер зияткерлік меншік мәселелері бойынша дауларды бастамашылық етуге мораторийдің және электрондық трансмиссияларға кедендік баж салығын қолдануға мораторийдің қолданылуын 12-ші министрлік конференциясына дейін ұзарту туралы шешімдерді мақұлдады.