Қазақстан Халықаралық еңбек конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі

Қазақстан Халықаралық еңбек конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі

Женева, 2022 жылғы 7маусым – Қазақстан делегациясының басшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов 27 мамыр мен 11 маусым аралығында Женевада өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының 110-шы сессиясының пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Қазақстан өкілі Халықаралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) мүше 187 мемлекеттің делегациясын 5 маусымда өткен Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдумның қорытындылары туралы хабардар етіп, ҚР азаматтарының басым көпшілігі Президент Қ.Тоқаевтың жаңа, әділетті Қазақстанды құрудағы елді саяси жаңартуға және бірлікке бағытталған бастамаларын қолдағанын атап өтті. А.Сарбасов Мемлекет Басшысы Қазақстанның тұрақты дамуының басты қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуы тиіс деген сөздеріне делегациялардың назарын аударды.

Сонымен қатар, делегация басшысы Қазақстанның ағымдағы жылдың сәуір айында ХЕҰ-ның толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенциясын ратификациялағаны, сондай-ақ ең төменгі жалақы және еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы конвенцияларды ратификациялауға жоспарлағаны туралы ұйымның мүше мемлекеттерін хабардар етті. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін Үкімет адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласында одан әрі шаралар туралы жоспарын қабылдап, оның бағыттарының бірі ретінде бірлесу бостандығына құқықты қамтамасыз ету мәселесін айқындады.

ХЕҰ іс-шарасы барысында Қазақстанның делегациясы хатшылықтың бейінді бөлімшелерінің басшылығымен кездесулер өткізді, олардың шеңберінде халықаралық ұйымның ұсынымдары мен стандарттарын іске асыруда ұйым тарапынан техникалық жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.