
Женева, 2022 жылғы 3 маусым – 2022 жылғы 27 мамыр мен 11 маусым аралығында Женевада өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясы 110-шы сессиясының жұмысына қатысу шеңберінде Қазақстанның делегациясы ү.ж. 3 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Гай Райдермен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық делегацияның басшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов әңгімелесушіні 5 маусымда өтетін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдумды қоса алғанда, елді одан әрі демократияландыруға және оның саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Президентінің бастамалары туралы хабардар етті. «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі шаралар, оның ішінде Парламенттің рөлін күшейту және суперпрезиденттік басқару нысанынан қуатты парламенті бар президенттік республикаға көшу, сондай-ақ құқық қорғау институттарын нығайту атап өтілді. ХЕҰ басшысына реформаларды дайындау мен іске асыруға жұртшылықтың неғұрлым кеңінен тартылғаны туралы ақпарат ұсынылды.
Диалог аясында тараптар Қазақстанның ХЕҰ-мен ағымдағы өзара іс-қимылы туралы, оның ішінде 2022 жылғы 4-11 мамыр аралығындағы кезеңде ҚР-ға Тікелей байланыстар миссиясы сапарының қорытындылары туралы пікір алмасты.
Г.Райдер Қазақстандағы бірлестіктер еркіндігі қағидатын іске асыру ісіндегі елеулі прогресті атап өтіп, ҚР Үкіметімен, кәсіподақтарымен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен сындарлы өзара іс-қимылдың жалғасатынына сенім білдірді.