Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы Женевада талқыланды

Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы Женевада талқыланды

2022 жылғы 6 сәуір, Женева қ. – Қазақстан Республикасының  Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторимен кездесу өткізді.

Тараптар еліміздің БҰҰ-мен өзара іс-қимылының негізгі бағыттары, соның ішінде Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру бойынша пікір алмасты.

Өз кезегінде М. Фриберг-Стори реформаларды оң бағалап, оларды жүзеге асыруда Үкіметке жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, ынтымақтастықтың басымдықтары ретінде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, оның ішінде адам құқықтарын қорғау, орнықты экономикалық өсу және азық-түлік қауіпсіздігі атап өтілді.

Кездесу соңында М.Фриберг-Стори Қазақстан тарапына жылы қабылдау үшін өз алғысын айтып, еліміз бен БҰҰ арасындағы берік және сенімді қатынастардың одан әрі дамуына сенімін білдірді.