Халықаралық еңбек ұйымы миссиясының Қазақстанға сапары туралы

Халықаралық еңбек ұйымы миссиясының Қазақстанға сапары туралы

Женева, 2022 жылғы 5 сәуір – Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев Халықаралық еңбек ұйымының Стандарттарды жүзеге асыру жөніндегі департаментінің директоры Корин Варгамен кездесті.

Тараптар 2022 жылғы 4-12 мамыр аралығында өтетін ХЕҰ миссиясының Қазақстанға сапарын талқылады. Оның барысында қол жеткізілген прогресті бағалау және еңбекті ұйымдастыру ұсынымдарының іске асырылу барысын талқылау үшін халықаралық сарапшылардың ҚР мемлекеттік органдарымен және кәсіподақтарымен кездесулері жоспарланған.

К.Варга ХЕҰ-ның 2018 жылғы Жол картасында және халықаралық еңбек конференциясының шешімдерінде айқындалған міндеттерді іске асыру мақсатында еліміздің еңбек заңнамасының оң өзгерістерін құптады. Бұған қоса, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында қамтылған әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларды жоғары бағалады.