Женевада Наурыз мейрамы салтанатты түрде атап өтілді

Женевада Наурыз мейрамы салтанатты түрде атап өтілді

Женева, 2022 жылғы 1 сәуір – Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Ирак, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия және Түркіменстанның дипломатиялық миссияларымен бірлесіп ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне орай салтанатты мерекелеуге қатысты.

Іс-шараның ашылуында Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры Дарен Танг және Женевадағы БҰҰ жанындағы Швейцарияның Тұрақты өкілі Юрг Лаубер құттықтау сөз сөйледі. Мерекеге қатысушылардың назарына түрлі елдердің Наурыз мерекесін тойлауының ұлттық дәстүрлері мен ерекшеліктері көрсетілген бейнеқойылым ұсынылды.

ҚР Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев қонақтар алдында сөз сөйлеп, қазақстандықтар үшін жарқын Наурыз мейрамының құндылықтары мен маңыздылығын айғақтады. Қазақстандық дипломат биылғы Наурыз мерекесін атаудың «Жаңа Қазақстан» құру, елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық реформалар аясындағы ерекшеліктерін айтып өтті.

Іс-шараға келген шетелдік қонақтар Қазақстанның ұлттық тағамдарын жоғары бағалап, елімізге барып, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуға ниет білдірді.

Жалпы, Наурызды мерекелеу Қазақстан бастамашы болған, мәдениетаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытудың ағымдағы жылы аяқталатын БҰҰ мәдениеттерін жақындастырудың халықаралық онжылдығы тұрғысынан ерекше мәнге ие.

2009 жылы Наурызды тойлау ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді, сондай-ақ 2010 жылы Наурыз мерекесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен Халықаралық Наурыз күні ретінде танылды.