
Женева, 2022 жылғы 11 наурыз - Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гербейесуспен кездесті.
Әңгімелесушілер Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы ынтымақтастықтың ахуалы бойынша пікір алмасты. Елші Әлімбаев ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 29 қарашадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясына қатысуының және оның Т.Гербейесуспен екіжақты кездесуі бойынша уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Осы ретте Бас директордың Казақстанға жоспарланған сапарының ықтимал мерзімдері талқыланды.
Кездесу соңында қазақстандық дипломат Т.Гербейесуске еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға және әлемдік қауымдастықтың коронавирусқа қарсы күресіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығы құрметіне арналған мерекелік медальді табыстады.