
Женева, 2022 жылғы 2 наурыз – ҚР Тұрақты өкілдігі БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдерінің, қарусыздану, адам құқықтары және халықаралық сауда саласындағы сарапшылардың, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшелері өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығына орай салтанатты іс-шара ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Е.Әлімбаев және БҰҰ Женева бөлімшесінің басшысы Т. Валовая құттықтау сөз сөйледі.
БҰҰ мүшелігіне кіруінің 30 жылдығын атап өте отырып, Е.Әлімбаев Қазақстан Республикасының ұйым Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына берік бейілділігін тағы да растап, қатысушыларды еліміздің БҰҰ-дағы жылдардағы негізгі жетістіктерімен таныстырды және Қазақстанның жаһандық ұйымның рөлі мен беделін нығайтуға өз үлесін одан әрі қосуға ниетін атап өтті.
Іс-шара барысында Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдауға және еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медальмен Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның Атқарушы директоры Беатрис Фин, Женева қауіпсіздік саясаты орталығының қаруды таратпау бөлімшесінің басшысы Марк Фино және БҰҰ Женева бөлімшесі лингвистикалық қызметінің бұрынғы басшысы Айдар Шаяхметов марапатталды.
1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісі бола отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 46-шы сессиясының пленарлық отырысында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды. БҰҰ бүкіл адамзаттың мүдделері мен шұғыл қажеттіліктеріне қызмет ететін жалғыз әмбебап ұйым ретінде теңдессіз болып қала береді.