Қазақстан БҰҰ ЕЭК-тің Ішкі көлік жөніндегі комитетінің мерейтойлық сессиясына қатысты

Қазақстан БҰҰ ЕЭК-тің Ішкі көлік жөніндегі комитетінің мерейтойлық сессиясына қатысты

Женева, 2022 жылғы 23 ақпан – БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) Ішкі көлік жөніндегі комитетінің 84-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев бастаған Қазақстан делегациясы «Ішкі көлік жөніндегі комитеттің 75 жылдығы: елдер арасындағы көлік байланысын қамтамасыз ету және тұрақты ұтқырлықты дамытуға жәрдемдесу» тақырыбында министрлік отырысына қатысты.

Қазақстандық делегация басшысы өз сөзінде ҚР еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерінің көлік саласы мен транзиттік әлеуетін дамытуға, соның ішінде инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу арқылы дамытуға үлкен көңіл бөлетінін атап өтті. Республикада көлік саласының құқықтық негізі қалыптастырылды, көлік қызметтерін көрсетудің қолайлы бәсекелес ортасы құрылды.

Қазақстан өкілі соңғы 15 жылда еліміздің көлік саласына шамамен 35 миллиард АҚШ доллары салынғанын атап өтті. Бүгінгі таңда республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 100 мың шақырымды құрайды. Дамыған инфрақұрылымның арқасында еліміздің аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз, оның ішінде бес теміржол және алты автомобиль дәлізі өтеді. Қазақстан Үкіметі 2025 жылы 2 миллион транзиттік контейнердің өтуін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан БҰҰ ЕЭК-тің ішкі көлік жөніндегі Комитетінің көп жылғы жұмысы мен жетістіктерін және оның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлін мойындайтын және растайтын Министрлік резолюциясына қосылды. Мерейтойлық іс-шараға БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова, БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы уәкілі Жан Тодт, Халықаралық автомобиль көлігі одағының Бас хатшысы Умберто де Претто және 90 елден 50-ге жуық министрлер мен көлік секторының басшылары қатысты.

1947 жылы құрылған Ішкі көлік жөніндегі комитет БҰҰ ЕЭК-тің көлік саласындағы жоғары директивалық органы және Ішкі көлік бойынша халықаралық құқықтық құжаттарды әзірлеу және қабылдау үшін бірегей үкіметаралық форум болып табылады.