Қазақстан ДСҰ-ның «Жас мамандар» бағдарламасына қатысуда

Қазақстан ДСҰ-ның «Жас мамандар» бағдарламасына қатысуда

Женева, 2022 жылғы 2 ақпан – ДСҰ Бас директоры Н.Оконджо-Ивеаланың қатысуымен ДСҰ-ның «Жас мамандар» бағдарламасына қатысушылардың алтыншы легін құттықтау рәсімі өтті.

Ағымдағы жылы аталған бағдарламаға Бангладеш, Барбадос, Белиз, Грузия, Гана, Қазақстан, Кения, Мадагаскар, Тринидад және Тобаго, Украина, Вьетнам және Замбия сияқты 12 елдің өкілдері қатысу құқығына ие болды.

ДСҰ Бас директорының айтуынша, «Жас мамандар» бағдарламасы дамушы және ең нашар дамыған елдердің білікті жас мамандарына халықаралық сауда мәселелері бойынша өз білімі мен дағдыларын арттыру үшін ДСҰ қабырғасында бір жыл өткізуге мүмкіндік береді. 2016 жылы басталған бұл бағдарлама ұйымның ДСҰ Хатшылығындағы мүше елдердің алуандығы мен өкілдігін кеңейту жөніндегі күш-жігерін көрсетеді. ДСҰ-ның бір жылдық «Жас мамандар» бағдарламасына қатысу үшін 2022 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен 7000-нан астам үміткер өтініш ұсынды.

Рәсім барысында Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі жас мамандар үшін ДСҰ мәселелері бойынша өз білімдерін кеңейтуге және ұйымның жұмыс істеу мәселелерін зерделеуге бірегей мүмкіндігі үшін ДСҰ Бас директоры Н.Оконджо-Ивеалаға және ДСҰ Хатшылығына алғысын білдірді.

Ағымдағы жылы ДСҰ-ның «Жас мамандар» бағдарламасына «QazTrade» Cауда саясатын дамыту орталығы АҚ бас маманы Асем Шакиртова қатысады. Бұл ретте Қазақстан, өз мамандары ДСҰ-ның осы бағдарламасы шеңберінде екінші рет практикалық оқудан өтіп жатқан ДСҰ-ға мүше елдердің бірі болып табылады.