
2022 жылғы 21 қаңтарда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше елдердің виртуалды форматтағы бейресми министрлік кездесуі өтті, оған ДСҰ 12-ші министрлік конференциясының (МК-12) төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Т.М. Сүлейменов қатысты.
Отырысқа қатысушыларды құттықтай отырып, Швейцария Конфедерациясының Экономика, білім және ғылым министрі Г. Пармелан жаһандық экономиканы қалпына келтіру және оның тұрақтылығы үшін көпжақты сауда жүйесінің маңыздылығын атап өтті. ДСҰ Бас директоры Н. Оконджо-Ивеала сондай-ақ COVID-19 пандемиясына қарсы тұруда және дәрі-дәрмектер мен вакциналардың қолжетімділігін қамтамасыз етуде ДСҰ рөлін күшейту қажеттігін айта кетті. ДСҰ-ның бастамалары адамдардың мүдделеріне сай келетінін ескере отырып, ол ДСҰ-дағы ағымдағы келіссөздер процестерін жеделдету қажеттілігі туралы пікір білдірді.
Өз сөзінде Т.М. Сүлейменов ДСҰ-ға мүше барлық елдерді МК-12 күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша нәтижелерге қол жеткізуге икемділік танытуға шақырды. Ол өткен жылдың соңында МК-12 көшкеннен кейін, коронавирустың жаңа штаммының таралуына байланысты ДСҰ-ға мүше елдер келіссөздердің қарқынын сақтауға нақты шешім қабылдағанын атап өтті. Қазақстанның өкілі кездесуге қатысушыларға ДСҰ-ның COVID-19 пандемиясына ден қоюы, ауыл шаруашылығы сауда саясатын реформалау, балық аулауды субсидиялау және ДСҰ-ны реформалау, оның ішінде ДСҰ дауларды шешу жүйесінің толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және ДСҰ қағидаларын одан әрі дамыту сияқты мәселелер бойынша министрлік шешімдердің жобалары бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша министрлер МК-12-де маңызды нәтижелерге тезірек қол жеткізу мақсатында барлық келіссөздер бағыттары бойынша жұмысты жалғастыруды жақтады. Олар сауданы жеңілдететін шаралар, үкіметтер мен жеке сектор арасындағы тығыз ынтымақтастық, сондай-ақ пандемиямен күресте зияткерлік меншіктің рөлін арттыру арқылы әлем халқын медициналық тауарлармен қамтамасыз етуді жақсарту қажеттілігін атап өтті.
Отырысқа Бразилия, Еуропалық Одақ, Индонезия, Канада, Қытай, Корея, Мексика, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ және Жапонияны қоса алғанда, сауда саясаты саласында кең ауқымды мүдделерді білдіретін 28 елдің сауда министрлері қатысты.