Қазақстан босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға көмек көрсетеді

Қазақстан босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға көмек көрсетеді

Женева, 2021 жылғы 14-15 желтоқсан – БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы 2018 жылғы желтоқсанда қабылданған Босқындар туралы жаһандық келісімнің мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті бағалау бойынша жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалардың бірінші кездесуін өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты босқындар мәселелеріне ден қою саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту болды.

Өз сөзінде БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Ф.Гранди бұл іс-шараның Босқындар туралы жаһандық келісімді іске асыру аясындағы маңыздылығын атап өтті. Ол пандемия, климаттың өзгеруі және қарулы қақтығыстар кезінде босқындар мен ішкі орын ауыстырулардың жай-күйі нашарлай түсетіні туралы айтты.

Іс-шара барысында 67 елдердің, соның ішінде Қазақстанның, өкілдері сөз сөйледі. Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Қазақстанның босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қолдауға бағытталған бірқатар шараларын атап өтті. Атап айтқанда, соңғы екі жылда 139 босқын тұруға ықтиярхат, 4 969 азаматтығы жоқ адам БЖКБ-мен бірлесіп жүргізілген науқан шеңберінде жеке басын куәландыратын құжаттарды алғаны атап өтілді.

Ол ағымдағы жылы Қазақстан 2019 жылы өткен Босқындар істері жөніндегі жаһандық форум барысында қабылданған ИКАО стандарттары бойынша босқындарға машинамен оқылатын жол жүру құжаттарын беру жөніндегі міндеттемені орындағанын атап өтті.

Кездесу соңында Ф. Гранди үкіметтерге Босқындар туралы жаһандық келісімнің мақсаттарына қол жеткізу бойынша қабылданған шаралар үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, ол әлемдік қоғамдастық бұл бағытта әлі де көп жұмыс атқарату қажеттілігін атап өтті.