
Женева, 2021 жылғы 8 желтоқсан – Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер (ТШАДЕ) тобының жаһандық төрағасы ретінде «ТШАДЕ саудасындағы кедергілерді жою» баяндамасының таныстырылымына арналған ДСҰ-ның арнайы іс-шарасына қатысты.
ДСҰ баяндамасында жеткізу тізбегіндегі кедергілерді, импорт пен экспорт кезінде транзит елдеріне тәуелділікті және ТШАДЕ экономикалары үшін COVID-19 пандемиясының салдарын қоса алғанда ТШАДЕ саудасында кездесетін нақты проблемалар атап өтіледі. Зерттеу ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімін жүзеге асыру шекара арқылы тауарлар ағынын жеңілдету үшін өте маңызды екенін көрсетеді. Ұсынымдар ретінде көлік байланыстарын жақсартудың, цифрлық технологияларды қолданудың, кедендік деректерді цифрлық өңдеу арқылы сауда шығындарын төмендетудің маңыздылығы атап өтілді.
ДСҰ-ның Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаланың айтуынша, ДСҰ-ға мүше елдердің COVID-19 пандемиясымен күресу үшін қабылдаған шараларының нәтижесінде ТШАДЕ әлсіз сауда-экономикалық жағдайы одан әрі нашарлады. ДСҰ-ның Бас директоры ТШАДЕ мен транзит елдері арасында, оның ішінде ТШАДЕ-нің жаһандық нарықтарға тиімді қол жеткізуіне жәрдемдесу мақсатында кедендік жүйелердің, логистиканың және көлік қызметтерінің өзара іс-қимылы мәселелері бойынша әріптестік қатынастар орнату қажеттігін атап өтті.
ҚР Тұрақты өкілі Ж. Айтжанова өз сөзінде Баяндаманы дайындау бастамасы үшін ДСҰ Бас директоры Н. Оконджо-Ивеалаға алғысын білдіріп, зерттеуде қамтылған ДСҰ ұсынымдарының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Атап айтқанда, ҚР Тұрақты өкілі кедендік басқару жүйелерін цифрландырудың және COVID-19 кезеңінде теміржол тасымалын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Елші Қазақстанның «АСТАНА-1» жүйесін іске асырудағы табысты тәжірибесін, «Қорғас» көлік-логистикалық орталығының тиімді қызметін, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен трансшекаралық хабтар құру жөніндегі жоспарларын мысал ретінде келтірді.