
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Женева қаласындағы ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ-ның Мәдени Комитетімен бірлесіп, Қазақстанның жас суретшілері көрмесін ұйымдастырды. Аталған көрме Женевадағы БҰҰ ғимаратында өтуде. Көрмеде «ЮНЕСКО» клубы және «Индиго» көркемсурет мектептерінің тәрбиеленушілері мен Нұр-Cұлтан қаласының орта мектеп оқушыларының шығармалары ұсынылды. Жас суретшілердің жұмыстарында өз Отанына, оның табиғатына деген махаббаты, сондай-ақ Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрлері бейнеленген.
Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова өз сөзінде, аталған жобаның мақсаты қалың жұртшылықты Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен таныстыру екенін атап өтті. Қазақстандық жас суретшілердің көрмесін БҰҰ бөлімшесінің және Женевада аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері тамашалады.
Көрмеде Диана Алтынбекова, Дарья Кондратьева, Адина Рамазанова, Алена Литвинова, Дайана Каюмова, Жанель Мейрам, Адина Тастамбекова, Карина Самарцева, Ксения Половченя, Адема Ниязалиева, Ақжан Атынова, Аделия Мұхамеджанова, Әнел Қаппасова, Эльсияр Іслямова, Диляра Түсіпбекова, Әнел Сапар, Аружан Жақсыбекова, Дилара Акарджа және Қозыке Еңлік сияқты жас дарындардың жұмыстары ұсынылды.