
Женева, 2021 жылғы 13 қазан – Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова 2021 жылғы 13 және 15 қазанда өткен Корея Республикасының ДСҰ шеңберіндегі сауда саясатына арналған сегізінші шолу барысында сөз сөйледі.
Тұрақты өкіл Ж.Айтжанова өз сөзінде «Кореяның жаңа бағыты» стратегиясы аясында жүзеге асырылған және COVID-19 пандемиясынан туындаған экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған Корея Республикасының экономикалық саясатының түрлі салаларындағы негізгі реформаларды жоғары бағалады.
Елші Ж.Айтжанова Корея Республикасына Азия құрлығында ҚР-мен сауда көлемі бойынша екінші орын алу мүмкіндігін берген Қазақстан мен Корея арасындағы өзара тауар айналымының көрсеткіші 2020 жылдың қорытындысы бойынша 5,8 млрд. АҚШ долларына жеткенін атап өтті. Сондай-ақ соңғы 15 жылда Корея Республикасынан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 6 млрд. АҚШ долларын құрағаны атап өтілді.
Қазақстандық Тұрақты өкіл ДСҰ-ға мүше елдердің назарын ДСҰ-ның электрондық сауда, инвестицияларға жәрдемдесу, қызмет көрсету саласындағы ішкі реттеу және шағын, орта және микро кәсіпорындардың саудаға қатысуына кедергілерді жою жөніндегі келіссөздеріне Корея Республикасының белсенді қатысуына, сондай-ақ Кореяның Ауыл шаруашылығы, «Сауда және денсаулық» бастамасы мен ДСҰ-ның пандемиямен күрес жөніндегі талқылауларға сындарлы қатысуына аударды.
Тұрақты өкіл Ж.Айтжанова екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаһандық және екіжақты деңгейде одан әрі нығайтуға және кеңейтуге үміт білдірді.