Әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау мәселелері - Қазақстанның БҰҰ АҚК-ға алдағы мүшелігінің басымдықтарының бірі

Әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау мәселелері - Қазақстанның БҰҰ АҚК-ға алдағы мүшелігінің басымдықтарының бірі

Женева, 2021 жылғы 14 қазан – ҚР Тұрақты өкілдігі БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі Қазақстанның мүшелігіне орайластырылған әйелдер мен қыздардың құқықтарын жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейде қорғау мәселелерін талқылауға арналған іс-шараны өткізді. Бұл іс-шараға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, Жоғарғы комиссарының орынбасары Нада Әл-Нашиф және ұйымға мүше 30 елдің тұрақты өкілдері қатысты.

Қазақстанның Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова алғы сөз сөйлеп, кездесуге қатысушыларды Қазақстанның әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау саласында қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті. 2019 жылы Қазақстан Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның шеңберіндегі өз міндеттемелерін орындауы бойынша 5-ші ұлттық баяндаманы сәтті қорғады. Осылайша, Қазақстан Әйелдер құқықтары жөніндегі комитеттің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, гендерлік кемсітушілікке және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге қатысты ұсынымдарын қабылдап, олардың ұлттық жоспарларында енгізген еді.

Іс-шара шеңберінде ү.ж. 1 шілдеде «Generation Equality Forum» барысында айтылған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қабылдаған шешімдері жөнінде ақпарат ұсынылды. Бұдан басқа, Қазақстанның кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін қабылдап жатқан шараларының нақты мысалы ретінде Тұрақты өкіл ЕҚДБ қаржылай қолдауымен «Бизнестегі әйелдер» жобасының табысты іске асырылуын атап өтті. Қазақстан заңнамалық деңгейде әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімін қайта қарауға, сондай-ақ әйелдер мен балаларға әлеуметтік және құқықтық қолдауды күшейтуге ниетті екені айтылды.

Әйелдер мен балалар қоғамның ең осал тобына жататынын назарға ала отырып, Қазақстанның Тұрақты өкілі өз сөзінде іс-шараға қатысушылардың оларды қақтығыс аймақтарынан қайтарудың, сондай-ақ одан әрі оңалту мен қоғамға қайта кірудің маңыздылығына назарларын аударды.

Жоғарғы комиссар М. Бачелет жаһандық деңгейде әйелдер мен қыздардың құқықтарының жағдайы туралы баяндама жасады, сондай-ақ іс-шараға қатысушыларды адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Кеңесінің алдағы сессияларының басым тақырыптары туралы хабардар етті. М. Бачелет пандемия Ковид-19, сондай-ақ аймақтық қақтығыстар және саяси дағдарыстар әйелдер мен қыздардың құқықтарына айтарлықтай теріс әсер еткендігін атап өтті.  Осы тұрғыда Жоғарғы комиссар Ауғанстандағы жағдайға алаңдаушылық білдірді, сондай-ақ оның кеңсесі бұл елдегі әйелдер мен қыздардың құқықтарын бақылау бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмысына қатысты М.Бачелет дағдарыс жағдайында әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға назар аудару керек деген пікір білдірді. Бұдан басқа, жалпы бұл мәселе адам құқықтары бағытының барлық салаларына қатысты екенін ескере отырып, Кеңес гендерлік теңдік мәселелерін талқылауға шығаруы керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Жоғарғы комиссар М.Бачелет Қазақстанның жүргізіп жатқан жұмысына оң баға беріп, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмысына табыс тіледі.

Талқылауға Австрия, Канада, Финляндия, Мексика, Коста-Рика, БАӘ, Молдова, Сомали, Багам аралдары және басқа елдердің тұрақты өкілдері белсенді қатысты. Кездесуге қатысушылар пікірсайыс тақырыбы бойынша өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ бүкіл әлемдегі әйелдер мен қыздар тап болатын мәселелерді шешудің ықтимал жолдарын талқылады.