Женева, 2021 жылдың 29 қыркүйегі – Гибридті форматта Қазақстан Республикасының төрағалығымен Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенция (Су конвенциясы) Тараптары Кеңесінің 9-шы сессиясының ашылуы өтті. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) ұйымдастыруымен өткізілді.
Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова қатысушыларды қарсы алып, аталған сессияның жұмысын ресми түрде ашты. Тұрақты өкіл трансшекаралық су ынтымақтастығын дамытуда, өңірлік интеграцияға жәрдемдесуде және жанжалдардың алдын алуда Су конвенциясының маңыздылығын атап өтті. Оған қоса, трансшекаралық сулардың трансшекаралық экономикалық ынтымақтастық пен тұрақты даму үшін әлеуеті бар екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев делегаттарды Су конвенциясына Қазақстанның үш жылдық төрағалық барысында трансшекаралық су ынтымақтастығы және су саясаты саласындағы негізгі жетістіктерімен таныстырды. Министр Су конвенциясы Тараптары арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы трансшекаралық сулардың сапасы, саны мен тұрақты пайдаланылуын қорғауға және қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құқықтық құрал болып табылатынын атап өтті. Министр 2017 жылы Нұр-Сұлтанда БҰҰ ЕЭК көмегімен ашылған Халықаралық суды бағалау орталығының (ХТҚО) табысты жұмыс істеуі туралы хабардар етті. Оған қоса, Министр Қазақстанның трансшекаралық су ынтымақтастығын одан әрі ілгерілету және бірлескен жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға ниетін атап өтті.
Су конвенциясының болашақ төрағасы ретінде Эстония Республикасының атынан Президент К.Кальюлайд және Қоршаған орта министрі Т. Мелдер бейнеүндеулерді жасады.
БҰҰ ЕЭК-тің Атқарушы хатшысы О.Алгаерова Кеңестің қатысушыларына арналған сөзінде Қазақстан Үкіметіне Нұр-Сұлтандағы Тараптар Кеңесінің 8-ші сессиясын ұйымдастырғаны үшін және Конвенцияға төрағалығы шеңберіндегі белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Ольга Алгаерова өткен үш жылдық кезең елдердің Конвенцияға қосылу үдерістерінде прогрестің жеделдеуімен атап өтілгенін айтты. Аталған кезеңде Конвенцияға Гана, Гвинея-Бисау және Того қосылды, ал бірқатар елдер қосылу процесіне кірісті. Сонымен қатар, іс-шара шеңберінде конвенцияның жаңа тараптарын қабылдаудың салтанатты рәсімі өткізілді.
Су конвенциясы тараптарының кеңесі ағымдағы жылғы 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтеді, оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысуда.