
Женева, 2021 жылдың 31 тамызы - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне және Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына орай БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде «Қазақстан-БҰҰ: бейбітшілік жолындағы серіктестік» халықаралық конференциясы өтті. Іс - шараны Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі жанындағы Тұрақты Өкілдігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияны ашқан ҚР-ның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі жанындағы Тұрақты Өкілі, Елші Жанар Айтжанова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылған күн - 29 тамызды БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялағанын атап өтті. Елші өз баяндамасында сынақ полигонын жабу ядролық сынақтарға жаһандық мораторий жариялауға және 1996 жылы әлемдік қоғамдастықтың Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қабылдауына әкелген негізгі қадамдардың бірі екенін атап өтті. Ж.Айтжанова ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу бойынша күш-жігердің тағы бір маңызды қадамы - 2006 жылғы қыркүйекте Семей қаласында Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қою болды деп атап өтті.
БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің директоры Т.Валовая Қазақстан ядролық сынақтардан едәуір зардап шеккен елдердің бірі болып табылатынын және БҰҰ атынан елімізге ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға жәрдемдесу, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жөніндегі күш-жігері үшін ризашылығын білдірді.
Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқанның атқарушы директоры, 2017 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Б.Финнің баяндамасында ядролық сынақтардың құрбандарына көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі ережелерді қамтитын ағымдағы жылғы қаңтарда күшіне енген Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ Конференцияның спикері ретінде БҰҰ қарусыздану мәселелерін зерттеу институтының директоры Р. Гайсс сөз сөйледі.
Женева қауіпсіздік саясаты орталығының таратпау бөлімінің басшысы М.Фино ядролық алпауыт мемлекеттер арасындағы қауіпті қарулану жарысына, ядролық арсеналдарды жаңғыртуға және ядролық қаруды пайдалану қаупінің артуына байланысты алаңдаушылық білдіріліп, ядролық сынақтарды тоқтату мен тыйым салудың маңыздылығы атап өтілді.
«Bike for peace» ұйымының президенті Т.Нэрландтың баяндамасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының ядролық елдерге БҰҰ-ның 100 жылдығына орайластырып, 2045 жылға дейін Ядролық қаруды жою міндеттемесін қабылдауға үндеуі атап өтілді. Конференцияда Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Б.Темірболат, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Т.Шаймергенов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Э.Батырбековтер сөз сөйледі.
Конференция барысында «Ядролық қарусыз әлем жолында: Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары» атты ғылыми жинақтың ағылшын тіліндегі тұсаукесері өтті. Жинақта Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қатерден азат әлемді нығайтуға бағытталған бастамалары бойынша ақпараттар шоғырланған. Сонымен қатар іс-шара барысында Семей сынақ полигоны туралы фильм көрсетілді.