Қазақстан АҚК Әмбебап кезеңдік шолу Жұмыс тобының 38-ші сессиясының отырыстарына қатысты

Қазақстан АҚК Әмбебап кезеңдік шолу Жұмыс тобының 38-ші сессиясының отырыстарына қатысты

3-14 мамыр аралығында Женевада Әмбебап кезеңдік шолу Жұмыс тобының 38-ші сессиясы өтті, оның шеңберінде БҰҰ-ға 14 мүше-мемлекет адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау туралы өздерінің ұлттық баяндамаларын ұсынды.

Қазақстан Республикасының Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ж.Айтжанова ұлттық баяндамаларын қорғау кезінде Эстония, Бельгия, Дания, Латвия және Сингапур делегацияларына Қазақстанның ұсыныстарын енгізді.

Қазақстан осы елдердің адам құқықтарын қорғау және көтермелеу тетіктерін жетілдіру, халықаралық міндеттемелерді орындау бойынша жүргізіп жатқан саясатын атап өтеді. Атап айтқанда, Қазақстан Эстония қабылдаған босқындарды интеграциялау бойынша әлеуетті нығайту жөніндегі шараларды, Данияның гендерлік теңдік қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі жүргізіп жатқан саясатын, Латвияның Әмбебап кезеңдік шолу ұсынымдарын орындау үшін қабылдаған реформаларын, Сингапурдың Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын ликвидациялау туралы халықаралық конвенцияны ратификациялауын жоғары бағалайды.

Жоғарыда аталған елдердің ұлттық баяндамаларын қарау қорытындысы бойынша Қазақстан кемсітушілікті жою және азаптауларға тыйым салу туралы тиісті халықаралық шарттарды ратификациялау, Париж қағидаттарына сәйкес адам құқықтарын қорғау және көтермелеу жөніндегі институтты құру, адам құқықтарын одан әрі нығайту және қорғау мақсатында АҚЖКБ және БҰҰ-ның басқа да органдарымен тығыз ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде ұсынымдар берді.