Қазақстан COVID-19 әсерінен электрондық саудадағы жаһандық трансформация туралы ЮНКТАД пікірталастарына қатысты

Қазақстан COVID-19 әсерінен электрондық саудадағы жаһандық трансформация туралы ЮНКТАД пікірталастарына қатысты

2021 жылы 12 наурызда БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесі жанындағы Тұрақты Өкілі Жанар Айтжанова БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) «Жаһандық шолу: COVID-19 және электрондық сауда» атты жаңа баяндаманың тұсаукесеріне арналған жоғары деңгейдегі іс-шарасында сөз сөйледі. ЮНКТАД баяндамасында 2020 жылы COVID-19 пандемиясының басталуымен байланысты ғаламдық және аймақтық электронды сауданың дамуына және өзгерістерге шолу жасалды. ЮНКТАД әлемдегі экономикалық белсенділіктің баяулауына қарамастан, COVID-19 пандемиясы жаһандық электрондық сауданың қарқынды өсуіне және цифрлық трансформацияның жеделдеуіне әкелгенін атап өтті.

Тұрақты өкіл Айтжанова іс-шараға қатысушыларды COVID-19 пандемиясы жағдайында Қазақстандағы электронды сауданың дамуының соңғы оң үрдістерімен таныстырды, сонымен қатар осы саладағы ЮНКТАД және Халықаралық сауда орталығымен электрондық сауданы дамыту жайында жасалып жатқан техникалық ынтымақтастық жобалары туралы атап өтті.

Бұл іс-шарада ЮНКТАД Бас хатшысының м.а. И.Дюран, БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы В.Бозкыр, сондай-ақ Камбоджа Сауда министрлігінің және Индонезия мен Бразилияның кәсіпкерлік секторының жоғары деңгейдегі өкілдері де сөз сөйледі.

ЮНКТАД Бас хатшысының м.а. И.Дюран өз сөзінде COVID-19 пандемиясы кезінде цифрлық технологияларға ауыса алған кәсіпорындар мен тұтынушылар пандемия салдарынан болған экономикалық құлдырауды жеңілдете алғанын атап өтті. Осыған байланысты ол дамушы елдер үшін электронды сауданың тұтынушылары ғана емес, сонымен қатар цифрлық экономиканың белсенді ойыншылары болу маңыздылығын атап өтті.

БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы В.Бозкыр электронды сауданы дамыту үрдісі барлық қалпына келтіру кезеңінде COVID-19-дан кейін жалғасуы мүмкін деді. Бозкыр мырза пандемиямен байланысты бар қиындықтарды мойындауға және жаңа жұмыс әдістерін игеруге мәжбүр үкіметтер мен азаматтарды қолдау шараларын қабылдауға шақырды.

«Жаһандық шолу: COVID-19 және электронды сауда» ЮНКТАД баяндамасында Қазақстанда электрондық сауданың бөлшек сатылымының үлесі 2019 жылғы 5%-дан 2020 жылы 9,4%-ға дейін өскені көрсетілген. Әлемдік бөлшек саудадағы электронды сауданың үлесі 2019 жылғы 14%-дан 2020 жылы 17% -ға дейін өсті.